Үкіметте фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды

29.04.2026
Үкіметте фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында отандық фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапев модераторлық еткен кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың, отандық өндірушілер мен бизнес өкілдерінің басшылары қатысты.

Отырысты ашқан Премьер-министр фармацевтика саласын дамыту елдің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтудың маңызды бағыты екенін атап өтті.

Кеңес барысында Қанат Шарлапаев фармацевтика өнеркәсібі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты стратегиялық сала екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанның фармацевтика нарығындағы отандық өнімнің үлесі небәрі 15-16%-ды құрайды, ал ішкі нарықтың басым бөлігі импорттық өнімге тәуелді. Төралқа Төрағасы саланың дамуына заңнаманың тұрақсыздығы, нарықтың артық реттелуі және мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге тиісті деңгейде қолдау білдірілмеуі кедергі келтіріп отырғанын айтты.

Изображение

«Бүгінде елімізде 209 отандық өндіруші тіркелген, оның 43-і дәрілік заттар өндірісімен, 166-сы медициналық бұйымдар шығарумен айналысады. Қазіргі таңда 31 қазақстандық тауар өндірушімен 2 мыңнан астам фармацевтикалық өнім түрін жеткізу бойынша 83 ұзақмерзімді шарт жасалған. 2025 жылғы желтоқсаннан бері 316,3 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 400-ге жуық дәрілік зат түрін шығару, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру және экспорттық әлеуетті кеңейту көзделген», – деді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев.

Палта басшысы Үкіметпен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, соңғы жылдары дәрілік заттардың бағасын кезең-кезеңімен дерегуляциялау, ҚҚС мөлшерлемесін үйлестіру және «Бір терезе» қағидаты бойынша тіркеу жүйесін енгізу бағытында нақты қадамдар жасалғанын жеткізді. Сонымен қатар ол саланы дамыту үшін дәрілік заттардың бағасын қалыптастыруда әділ референттік жүйе енгізу, мемлекеттік сатып алуда отандық өндірушілерге берілетін преференцияларды күшейту және медициналық техника өндірісін жергіліктендіруге қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

«Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы» ЗТБ президенті Марина Дурманова дәрілік заттардың бағасын қалыптастыру тетіктерін жетілдіру мәселесін көтерді. Ол қазақстандық фармацевтикалық өнім өндірушілер үшін референттік баға белгілеу жүйесін қайта қарау және отандық өндірушілердің дәрілік заттарына баға белгілеу кезінде экспорттық бағаларды есепке алмау қажеттігін айтты.

Изображение

Еуразиялық медициналық қауымдастықтың атқарушы директоры Сәуле Сатыбаева мемлекеттік сатып алу жүйесінде қазақстандық өндірушілерге қосымша преференциялар беру мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, ол дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу кезінде отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін күшейтуді, ұзақ мерзімді шарттар аясындағы кепілдік механизмдерін жетілдіруді және БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы жүргізілетін сатып алу рәсімдерін қайта қарауды ұсынды.

«Sintez-KZ» медициналық холдингі ЖШС директоры Игорь Рыбин медициналық техника өндірісін дамыту мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау тәжірибесін қайта жандандыру және Қазақстанда медициналық техниканы сынақтан өткізетін аккредиттелген зертханалар ашу қажет.

Көтерілген мәселелер бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова түсініктемелер берді. Мемлекеттік органдар өкілдері отандық өндірушілерді қолдау, сатып алу рәсімдерін жетілдіру, сондай-ақ медициналық техниканы сынақтан өткізу инфрақұрылымын дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі мәселелерді Үкіметпен бірлесіп шешу жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Палата пікірінше, реттеуші кедергілерді азайту, отандық өндірушілерге тиімді қолдау тетіктерін енгізу және инвестициялық ахуалды жақсарту Қазақстанның дәрілік қауіпсіздігін нығайтып, саланың тұрақты дамуына негіз болады.