ШҚО оқушылары энергетика саласының міндеттерін шешуде: кәсіби бағдар беру хакатоны болашақ мамандарды біріктірді
Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдар беру хакатоны өтті. Аталған шара Өскемен қаласы мен өңір аудандарындағы жалпы білім беретін мектептердің оқушыларын біріктірді. Өскемен политехникалық колледжі практикалық дағдыларды дамыту, идея алмасу және жастардың ерте кәсіби бағдарын айқындау алаңына айналды.
Айта кетейік, хакатон - бұл қатысушылар шектеулі уақыт ішінде нақты бір тапсырма немесе жоба бойынша шешім әзірлейтін қарқынды командалық іс-шара форматы.
Қатысушылар энергетика саласындағы тәжірибеге бағытталған кейстермен жұмыс істеп, жоғары дайындық деңгейін, креативті ойлау қабілетін және командалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Хакатон форматы оқушыларға теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға ғана емес, нақты өндірістік міндеттерді шешу үдерісіне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: бірінші орынды «Импульс» командасы (КММ «№29 қосымша білім беру орталығы-мектебі»), екінші орынды «ЭНЕРГОСТЕК» командасы (КММ «№34 мектеп-лицейі»), үшінші орынды «Volt Master» командасы (КММ «№50 орта мектебі») иеленді. Арнайы жүлдемен «ЭнергоStart» командасы (КММ «Предгорное орта мектебі – балабақша кешені») марапатталды.
Іс-шара Өскемен су электр станциясының қолдауымен өтті. Серіктес ұйым хакатонды ұйымдастыру мен өткізуге елеулі үлес қосты.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Аcет Адылхан атап өткендей, мұндай бастамалар өңірдің кадрлық әлеуетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
«Бизнес пен өндірістік кәсіпорындардың қолдауы осындай жобаларды жүзеге асыруда шешуші мәнге ие. Демеушілер тек іс-шара өткізуге көмектесіп қана қоймай, саланың болашағына инвестиция салады. Бүгінде еңбек нарығының талаптарына барынша сай келетін мамандарды даярлау үшін бизнес пен колледждер арасында жүйелі әріптестік орнату аса маңызды. Осындай бірлескен жұмыс арқылы ғана кадрлық мәселелерді тиімді шешіп, өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге болады», – деді ол.
Хакатон жоғары белсенділік пен салауатты бәсекелестік атмосферасында өтіп, оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауы мен инженерлік-техникалық бағыттарға қызығушылығын қалыптастырудың тиімді құралына айналды.