Түркістанда шаруаларға арзандатылған жанармай бөлу мәселесі талқыланды

23.04.2026
Түркістанда шаруаларға арзандатылған жанармай бөлу мәселесі талқыланды

Көктемгі дала жұмыстары қызған шақта әрбір диқан үшін жанар-жағармайдың қолжетімділігі — басты мәселе. Осыған орай, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен жанармай операторларының қатысуымен маңызды жиын өтті.

Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мейіржан Жамәділ, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына тоқталды. Ол биылғы жылы арзандатылған дизель отынын бөлу кезінде ашықтық пен әділдікке басымдық беріліп отырғанын және көктемгі егіс науқаны кезінде шаруалардың жанармайға деген сұранысы толық қамтылуы үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, шаруаларға жеңілдікпен берілетін жанармайды алудың жолдары мен «Gosagro.kz» порталы арқылы өтінім беру шарттары түсіндірді.

 

Изображение

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі орынбасары Ербол Әуелбеков, жиынның маңыздылығына ерекше тоқталды:

«Біздің басты мақсатымыз – шаруаларға жанар-жағармайды уақытылы әрі қолжетімді бағамен жеткізу. Осы бағытта барлық рәсімдерді барынша жеңілдетіп, ашықтықты қамтамасыз етуге күш салып отырмыз. Кәсіпкерлер палатасы – диалог алаңы. Мұнда әрбір мәселе назардан тыс қалмайды, біз шаруалардың да, операторлардың да уәжін тыңдап, нақты шешімдер қабылдауға ықпал етеміз», – деді ол.

 

Изображение

Оның айтуынша, бүгінгі кездесулер тек ақпарат берумен шектелмей, нақты проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналып отыр.

 

Изображение

Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы агробизнес және басқада сала өкілдерінің мүддесін қорғау және саланы дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.