Соттағы екінші мүмкіндік: «Сіздің құқығыңыз» жобасы бизнес үшін істерді қайта қарау тетіктерін түсіндірді
Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасында бизнестің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Сіздің құқығыңыз» жобасы аясында кезекті кездесу өтті. Бұл жолы алаң қонағы ретінде ШҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Төлеген Тұрғамбаев қатысып, кәсіпкерлерге сот актілерін қайта қарау мәселелері бойынша сот тәжірибесіне талдау ұсынды.
Талқылау барысында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің заңды күшіне енген шешімдерді қайта қарау тәртібін реттейтін нормаларына ерекше назар аударылды. Спикердің айтуынша, АПК-нің 455-бабына сәйкес мұндай шешімдер істі қарау кезінде белгілі болмаған, бірақ заңдық маңызы бар мән-жайлар анықталған жағдайда жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Қайта қараудың негіздеріне де жеке тоқталынды. Атап айтқанда, жаңадан ашылған мән-жайларға куәлардың немесе сарапшылардың көрінеу жалған айғақтары, дәлелдемелердің қолдан жасалғаны, сондай-ақ іс жүргізуге қатысушылардың немесе судьялардың қылмыстық құқық бұзушылықтары анықталған жағдайлар жатады. Сонымен қатар бастапқы сот шешіміне негіз болған сот актісінің немесе мемлекеттік орган шешімінің күші жойылуы да қайта қарауға себеп бола алады.
Ал жаңа мән-жайларға, сот төрағасының түсіндіруінше, преюдициялық мәні болған актінің күшін жою, мәмілені жарамсыз деп тану, сондай-ақ қолданылған нормативтік құқықтық актілердің конституцияға сәйкес емес деп танылуы жатады.
«2026 жылдың бірінші тоқсанында сот өндірісіне сот актілерін қайта қарау туралы төрт өтініш түсті. Алайда олардың барлығы өтініш иелеріне қайтарылды. Негізгі себеп - процестік талаптардың сақталмауы», - деді судья.
Төлеген Тұрғамбаев атап өткендей, АПК-нің 458-бабына сәйкес өтініш беруші басқа процеске қатысушыларға өтініштің және қоса берілген құжаттардың көшірмелерін жолдауға және оны құжатпен растауға міндетті. Мұндай растаулардың болмауы өтінішті қайтаруға негіз болады. Сонымен қатар, өтініш берушілер көбіне жаңадан ашылған мән-жайлардың өзіне дәлелдер ұсынбайды.
Мысал ретінде азаматтық іс бойынша жауапкер сот шешімін қайта қарау туралы өтініш бергенімен, қажетті құжаттар мен растаулардың болмауына байланысты оның өтініші қайтарылған жағдай келтірілді. Кейіннен бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған.
Жалпы, соттың бағалауынша, мұндай санаттағы істерді қарау кезінде заңнама нормалары дұрыс қолданылып келеді. Дегенмен кәсіпкерлерге процестік талаптарға мұқият қарау қажеттігі атап өтілді.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жаңғырханованың айтуынша, «Сіздің құқығыңыз» жобасы бизнес пен сот жүйесі арасындағы ашық диалог алаңы ретінде өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл жоба кәсіпкерлерге өз құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.