Ақтөбе кәсіпкерлеріне тіл заңнамасын сақтау талаптары түсіндірілді
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында бизнес өкілдерінің, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен тіл туралы заңнаманы сақтау және көрнекі ақпаратты рәсімдеу мәселелеріне арналған түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шара Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученконың модераторлығымен өтті. Талқылауға «Тұтынушылардың ұлттық палатасы» РҚБ президенті Ислам Болатов (кездесудің бастамашылары), сондай-ақ Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы — Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңының 21-бабы болды. Бұл бап бизнес қызметіне қатысты көрнекі ақпаратты — маңдайшалар, сыртқы және ішкі жарнама, мәзірлер, баға көрсеткіштері және басқа да материалдарды орналастыру тәртібін реттейді.
Кездесу барысында заң талаптарының нақты әрі міндетті екені атап өтілді: барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде орналастырылуы тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкердің қалауына қарай орыс және басқа тілдерді қолдануға рұқсат беріледі, алайда олар қазақ тіліндегі ақпаратты алмастырмай, тек толықтыруы қажет.
«Бүгінде тек заң талаптарын сақтау ғана емес, тұтынушымен сапалы коммуникация орнату маңызды. Дұрыс рәсімделген көрнекі ақпарат — бұл қызмет көрсету деңгейі мен клиентке деген құрметтің көрсеткіші», — деп атап өтті Ислам Болатов.
Кездесу қатысушыларына заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары да түсіндірілді. Атап айтқанда, алғаш рет анықталған жағдайда ескерту беріледі, ал қайталанған бұзушылық үшін 5-тен 25 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.
Алдын алу шараларына да ерекше назар аударылды. Өңірде «Көркем тіл – көрікті жарнама» акциясы бастау алады, сондай-ақ ауқымды мониторингтік іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты назар жазалау шараларына емес, бұзушылықтардың алдын алу мен бизнесті қолдауға аударылады. Мониторинг жарнама мен маңдайшалардағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке жеткізбей түзетуге мүмкіндік береді.

«Біздің мақсатымыз — жазалау емес, кәсіпкерлерге өз қызметін заң талаптарына сәйкестендіруге көмектесу. Біз жан-жақты әдістемелік және құқықтық қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақтыгүл Әбиева.
Атап айтқанда, Тұтынушылардың ұлттық палатасы мен тілдерді дамыту басқармасы тарапынан кәсіпкерлерге тегін көмек көрсетіледі. Оның ішінде заң нормалары бойынша кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ көрнекі ақпараттағы (маңдайшалар, жарнама, мәзірлер, түбіртектер және басқа материалдар) грамматикалық, стилистикалық және аударма қателерін түзетуге жәрдем көрсету қарастырылған.
Ашық диалог форматында кәсіпкерлер өзекті сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
«Барлық ұсыныстар Кәсіпкерлер палатасының алаңында өтетін Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің алдағы отырысында мүдделі мемлекеттік органдар мен профильдік құрылымдардың қатысуымен қаралатын болады», — деп атап өтті ӨКП директорының орынбасары Владимир Сухорученко.