Өңір дамуына серпін: Түркістанда жаңа өндірістік жоба басталды

23.04.2026
Өңір дамуына серпін: Түркістанда жаңа өндірістік жоба басталды

Өңір экономикасын әртараптандыру жолында Түркістанда жаңа өндірістік жобалар іске қосылуда. Соның бірі – «KaspiNet» ЖШС қолға алған өндірістік бастама. Түркістан өңірінде өндірістік әлеуетті арттыру бағытында маңызды жобалардың бірі – «KaspiNet» ЖШС-нің жаңа бастамасы. Компания алдағы уақытта өз қызметін Түркістан қаласындағы индустриялық аймақта жалғастыруды жоспарлап отыр. Осыған орай, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, арнайы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, сала мамандары «KaspiNet» ЖШС өкілдерін индустриялық аймаққа алып барып, өндіріс орнын орналастыруға қолайлы мүмкіндіктермен таныстырды. Кездесуге кейіннен «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының мамандары да қосылып, кәсіпкерлерге қажетті кеңестер беріп, нақты бағыт-бағдар ұсынды. Кездесу барысында кәсіпорынның инфрақұрылымдық қажеттіліктері, жер телімін рәсімдеу, инженерлік желілерге қосылу мәселелері жан-жақты талқыланды.

 

Изображение

«KaspiNet» ЖШС – өндірістік бағыттағы жобаларды жүзеге асыруды көздейтін отандық компаниялардың бірі. Кәсіпорын заманауи технологияларды енгізу арқылы автомобиль өнеркәсібіне қажетті өнімдерді шығаруды жоспарлап отыр. Осы жоба аясында LiFePO4 аккумуляторлық батареяларын және көлік құралдарына арналған SOS батырмаларының (УВЭОС) электронды-интегралдық жүйелерін өндіру көзделген. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды.

 

Изображение

Жоба толық іске қосылған кезде айына 5 000–10 000 дана УВЭОС құрылғысы мен 15 000–30 000 аккумулятор шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 15-20 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазіргі таңда жоба бойынша 50 сотық жер телімі анықталып, оның нысаналы мақсатын өндірістік бағытқа ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Электр қуатымен қамтамасыз ету (120–150 кВт) бойынша техникалық шарттар рәсімделу үстінде. Сондай-ақ өндірістік ғимараттарды жобалау және қажетті рұқсат құжаттарын алу процесі басталып кеткен.

 

Изображение

Айта кету керек, Кәсіпкерлер палатасы тарапынан көрсетілген сүйемелдеу – бизнесті дамытудағы маңызды құралдардың бірі. Мұндай қолдау инвесторларға әкімшілік кедергілерді азайтып, жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

 

Изображение

Жалпы, «KaspiNet» жобасы Түркістан өңірінің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге және өңір экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қоспақ.