Келісімшарт орындалды, бірақ еркіндік жоқ па? Мемлекеттік сатып алудағы бизнес тәуекелдері туралы
Бүгін біз кәсіпкерлер тарапынан жиі сұрақ туындататын тәжірибе туралы сөз қозғаймыз, яғни мемлекеттік келісімшарт толық орындалғаннан кейін «негізсіз баюды» өндіріп алу мәселесі.
Бұл неге маңызды? Себебі бұл жекелеген даулар ғана емес, мемлекеттік сатып алу жүйесіне деген сенімге, ойын ережелерінің болжамдылығына және кәсіпкерлердің оған қатысуға дайындығына тікелей әсер етеді.
Аталған жағдай бойынша өз пікірін Алматы қаласы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің 1 санатты сарапшысы Абат Айтибаев білдірді:

Келісімшарт орындалып, төлем жасалғаннан кейін «негізсіз баюды» өндіріп алу тәжірибесі бизнес үшін елеулі құқықтық белгісіздік қалыптастырады.
Міндеттемелерін адал орындаған кәсіпкер кейін мемлекеттік орган тарапынан аудит қорытындылары негізінде талаптарға тап болу қаупінде қалады. Бұл ретте келісімшарт жарамсыз деп танылмайды, жеткізуші тарапынан бұзушылықтар анықталмайды, ал аудит актілері көп жағдайда сотта дәлелдеудің орнын басады.
Мұндай тәжірибе келісімшарттардың түпкіліктілігі қағидатын әлсіретіп, мемлекеттік сатып алу жүйесіне деген сенімді төмендетеді. Соның салдарынан бизнес қосымша тәуекелдерді бағаға енгізеді немесе мүлде қатысудан бас тартады. Бұл өз кезегінде бәсекелестік деңгейіне және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына әсер етеді.
Шешім негізгі қағидаттарды бекітуде жатыр: орындалған және төленген келісімшарт түпкілікті деп танылуы тиіс, ал аудит актілері толыққанды дәлелдемелік база болмаса, талап қоюға дербес негіз болмауы қажет.
Алматы қаласы бойынша «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Палата мемлекеттік органдармен сындарлы диалог орнатып, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге қатысып, кәсіпкерлерді олардың қызметінің барлық кезеңінде сүйемелдейді. Бұл жұмыс құқықтық қолдау көрсету мен әкімшілік кедергілерді азайтудан бастап, тұрақты әрі болжамды іскерлік ортаны қалыптастыруға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды.