Инновационные гранты на коммерциализацию технологий могут получить павлодарские предприниматели
Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының салааралық кеңесінің отырысында үш маңызды мәселе қаралды. Біріншісі – бизнесті қолдауға арналған гранттар. Кездесуді «Атамекен» ӨКП директоры Ерқанат Әбенов өткізді.

Қазақстанда инновациялық гранттар беру түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын «QazInnovations» инновацияларды дамыту ұлттық агенттігі» АҚ сараптама орталығының директоры Ануар Тунгат отырыс барысында мәлімдеді.
«Бұл инновациялық гранттар Кәсіпкерлік кодексте қарастырылған және жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған. Инновациялық гранттардың үш түрі бар, олардын мақсаттары мен өтінім берушілеріне қарай үш топқа бөлінеді. Егер компания қандай да бір инновациялық өнімді өз бетінше әзірлеген болса, мұндай жобаларды қолдау үшін бізде технологияларды коммерцияландыруға арналған грант бар. Ол екі кезеңнен тұрады. Негізгі талап – бұл өтінім беруші компанияның өз әзірлемесі болуы тиіс», – деп атап өтті спикер.

Екінші жағдайда бизнес субъектісі бұл гранттық қолдау түріне үміткер бола алады, егер өндірістік компания Қазақстан нарығында үш жылдан астам уақыт жұмыс істеп, дайын шетелдік немесе отандық технологияны сатып алып, оны өз өндірісіне енгізіп, жаңа өнім шығаруды жолға қойғысы келсе. Мұндай жобалар үшін қолданыстағы кәсіпорындарды дамытуға және салаларды дамытуға арналған гранттар бар, деп қосты Ануар Тұңғат. Сонымен қатар гранттық қолдаудың басқа да түрлері бар.
Отырыста Павлодар қаласының мансап орталығының директоры Қарлығаш Асаимова және оның әріптестері жұмыс берушілерді enbek.kz порталында тіркеу қажеттілігін, бос жұмыс орындарын жариялау, субсидияланатын жұмыс орындары мәселелерін, сондай-ақ жұмыс берушілер үшін кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін түсіндірді. Кеңесте талқыланған үшінші мәселе «Балабақша» жүйесін енгізуге, сондай-ақ ваучерлік қаржыландыруға байланысты туындаған жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың проблемалық мәселелеріне қатысты болды.
«Палатаға жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар өкілдерінен «Балабақша» жүйесін енгізуге, сондай-ақ ваучерлік қаржыландыру мәселелеріне қатысты өтініштер келіп түсті. Біздің бизнес кедергісіз жұмыс істеуі үшін бұл мәселелерді шешу қажет», – деп атап өтті Ерқанат Әбенов.
