ӨНДІРІСТЕГІ ТӘЛІМГЕРЛЕР БІЛІКТІЛІГІН ШЫҢДАДЫ

06.04.2026
ӨНДІРІСТЕГІ ТӘЛІМГЕРЛЕР БІЛІКТІЛІГІН ШЫҢДАДЫ

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палаты жанындағы «Тәлімгерлік мектебі» өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді. 2026 жылдың 2–3 сәуір күндері дуалды оқытудың әлеуметтік серіктестері қатарындағы өндірістегі тәлімгерлердің кезекті тобы «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы»  тақырыбында біліктіліктерін арттырды.

Бүгінде тәлімгерлік – өзектілігі жоғары, тәжірибеге негізделген маңызды бағыттардың бірі. Бұл тәсіл кәсіби білімі мен дағдылары жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік береди. Сондықтан көптеген ірі кәсіпорындар ұжым қалыптастыруда тәлімгерлік жүйесіне басымдық беріп отыр.

Тәлімгерліктің негізгі мақсаты – жас мамандардың жұмысқа бейімделу кезеңін қысқартып, жаңа технологияларды меңгеру үдерісін жеделдету. Өндірістегі тәлімгер оқыту жұмысын тікелей еңбек орнында жүргізіп, нақты өндірістік жағдайлар мен тәжірибелік міндеттерге сүйене отырып жүзеге асырады. Осы орайда тәлімгердің кәсіби деңгейі мен тәжірибесінің жоғары болуы аса маңызды. Себебі тәлімгер өз кеңестерімен болашақ маманға ұжымға сіңісіп кетуге, клиенттермен жұмыс жасау стандарттарын, компанияның корпоративтік мәдениетін, өндіріс процестері мен операцияларын меңгеруге көмектесетін тұлға.

«Тәлімгерлік мектебі» өндірістегі тәлімгердің сапалы маман даярлаудағы қажетті білімін жетілдіруге бағытталған. Осы орайда курс барысында тыңдаушыларға нормативтік-құқықтық актілерге түсіндірме беріліп, жұмыс орнында оқытудың түрлі әдістемелері, қарапайым операцияларды орындаудан бастап күрделі операцияларды орындауға көшу техникалары ұсынылды.

Аталған курсқа барлығы 36 тыңдаушы қатысып, оқу қорытындысы бойынша сертификаттарға ие болды. Қатысушылар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сертификатталған тәлімгерлер тізіліміне енгізілді.

Осы ретте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Гүлмира Альназарова тәлімгерлік институтының маңыздылығына тоқталып өтті:
«Тәлімгерлік – өндірістегі сапалы кадр даярлаудың тиімді тетіктерінің бірі. Мұндай оқыту тәжірибесі жас мамандардың кәсіби дағдыларын шыңдап қана қоймай, олардың жұмысқа тез бейімделуіне ықпал етеді», – деді ол.