Қызылорда қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

30.04.2026
 Қызылорда қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

29 сәуір күні «Сыр болашағы» құзыреттілік орталығында «Enbek hub – QYZYLORDA» өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Аталған іс-шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың және жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Д. Абизов жобаның қатысушылары дайындаған өнімдерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Д. Жаналиновке және қонақтарға таныстырды.

Жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы» бағдарламасы аясында келген делегация мүшелері, сондай-ақ жергілікті жұмыс берушілер қатысты.

Іс-шара барысында жергілікті жұмыс берушілер тарапынан 600-ге жуық, ал солтүстік және шығыс өңірлерден 10 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Бос жұмыс орындары білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтыды.

Жәрмеңкеге 1500-ге жуық облыс тұрғындары, оның ішінде бітіруші түлектер, жұмыс іздеуші азаматтар және жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға ниетті тұрғындар қатысты.

Қатысушылар еңбек нарығындағы мүмкіндіктер, жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат алып, жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды.