Қарағанды облысында кәсіпорындар үшін тәлімгерлер даярланды
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында «Тәлімгерлік мектебі» аясында екі күндік оқыту өткізілді. Білім беру бағдарламасы кәсіпорындардың кадрлық саясатының маңызды элементі ретінде тәлімгерлік институтын дамытуға бағытталған.
Оқыту КМҚК «Қарағанды жоғары инжиниринг колледжі» базасында өтті. Оған өңір кәсіпорындарының 26 қызметкері қатысты. Атап айтқанда, «Maker KLMZ (Мэйкер)» ЖШС, «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС, «KSM» ЖШС, «Қазполимер» ЖШС өкілдері болды.
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Жанар Бектұрсынова атап өткендей, тәлімгерлік кәсіпорындардағы тұрақты кадрлық саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Оқу барысында қатысушылар жұмыс орындарында жаңа қызметкерлерді сапалы сүйемелдеуге қажетті кәсіби және психологиялық-педагогикалық құзыреттерді меңгерді. Сонымен қатар, тәлімгерліктің заманауи әдістері мен тәжірибелік құралдары қарастырылды.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталып, олар алған білімдерін жас мамандар мен тағылымдамадан өтушілермен жұмыс барысында қолдана алады.