Идеядан жүйеге: ШҚО-да креативті индустрияның болашағы талқыланды
Өскемен қаласында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы креативті индустрияны дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Алаң түрлі бағыттағы өкілдерді біріктірді. Талқылаудың басты тақырыбы саланы дамытуға арналған жүйелі шешімдерді іздеу болды.
Қатысушылар көтерген негізгі мәселелердің бірі – креативті қауымдастықтың өз ішіндегі бытыраңқылық. Өңірде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанына қарамастан, креаторлардың әртүрлі топтары көбіне ортақ ақпараттық кеңістіктен тыс қалып жатады. Соның салдарынан маңызды іс-шаралар, байқаулар, жәрмеңкелер мен оқыту бағдарламалары шын мәнінде арналған аудиторияның қатысуынсыз өтіп жатады.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, іс-шаралар туралы ақпарат көбіне нүктелік түрде – жекелеген чаттарда немесе тар кәсіби ортада ғана таралады. Нәтижесінде индустрия өкілдерінің бір бөлігі қатысу мүмкіндіктері туралы дер кезінде біле алмай қалады. Сонымен қатар, күндердің қабаттасуы да қосымша қиындық туғызады: түрлі деңгейдегі іс-шаралар жиі бір уақытта өтеді, бұл креаторларды таңдау жасауға мәжбүрлеп, кей мүмкіндіктерден қағылуына әкеледі.
Кеңесте стратегиялық жоспарлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бизнес өкілдері креативті индустрия тек қысқа мерзімді бастамалар форматында дами алмайтынын атап өтті. Тиімді жұмыс үшін кемінде бір жыл бұрын қалыптастырылған, түсінікті іс-шаралар күнтізбесі қажет.
Мұндай тәсіл креаторларға өз қатысуын жоспарлаумен қатар, өнімдерін нақты күндер мен іс-шараларға бейімдеп дайындауға мүмкіндік береді. Мысалы, қолөнершілер мен дизайнерлер ірі фестивальдерге, туристік маусымдарға немесе мемлекеттік мерекелерге бағытталып, тақырыптық топтамаларды алдын ала әзірлей алады. Бұл өз кезегінде өнім сапасын арттырып, жергілікті брендтердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Отырыстың нақты нәтижелерінің бірі – облыстық филармониямен келісімге келу болды: креативті қауымдастыққа шеберлік сабақтарын өткізу үшін ғимараттарды өтеусіз негізде ұсыну жоспарланып отыр.
Жиын қорытындысы бойынша сала қатысушылары арасындағы үйлестіруді күшейту, бірыңғай ақпараттық кеңістік құру және ұзақ мерзімді іс-шаралар күнтізбесін қалыптастыру тетігін әзірлеу ұсынылды.