Қарағандыда кәсіпкерлер мен МИБ арасындағы дау-дамай талқыланды
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында ШОБ және сауда жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтіп, онда құрылыс салушы, кәсіпкерлер және мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) арасындағы дау қаралды.
Жиынға кәсіпкерлер құқығының бұзылуы және бұқаралық ақпарат құралдарында жағдайдың біржақты жариялануы туралы өтініші негіз болды.
«ККК Инжиниринг» ЖШС директоры Олжас Есенбековтың айтуынша, тұрғын үйдегі коммерциялық (тұрғын емес) үй-жайлар бастапқы жобада көзделген және заң талаптарына сәйкес сатылған.
«Барлық нысандар заңнамаға сәйкес рәсімделген, меншік құқығы тіркелген. Кәсіпкерлер өз қызметін ашық жүргізуде және ешқандай заңбұзушылыққа жол бермейді», — деді ол.
Компания өкілі Иван Малюшенко да бизнес инженерлік желілерге қол жеткізуге кедергі келтірмейтінін және конструктивті диалогқа дайын екенін атап өтті.
Құрылыс салушының мәліметінше, үй-жай иелері инженерлік коммуникациялардың сақталуына мүдделі және техникалық шешімдер ұсынған, оның ішінде жекелеген желілерді ортақ пайдаланылатын аумақтарға көшіру мәселесі бар.
Сонымен қатар, компанияда МИБ-тің мәмілелерді жарамсыз деп тану және үй-жайларды ортақ мүлікке беру туралы талаптары заңнамаға сәйкес келмейді және бизнес үшін қауіпті прецедент қалыптастыруы мүмкін деген пікір бар.
Кәсіпкерлер жағдай төңірегіндегі ақпараттық ағынға да назар аударды. Олардың айтуынша, кейбір жарияланымдар оқиғаны біржақты көрсетіп, дауды қарау барысына қысым жасауда.
Өз кезегінде, МИБ өкілдері инженерлік желілерге кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып, даулы үй-жайларды үйдің ортақ мүлкі деп санайды.
Кәсіпкерлер палатасында бұл алаңның негізгі міндеті — тараптар арасында диалог орнатуға жәрдемдесу және өзара тиімді шешім табу екені атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу мүмкіндігін қарастыруға келісті. Сондай-ақ, инженерлік желілерге қолжетімділік механизмін техникалық мамандарды тарта отырып пысықтау ұсынылды.
Кәсіпкерлер палатасында бұл жағдай жағымсыз үлгілік сипатқа ие болуы мүмкін екені және бизнес пен тұрғындардың мүддесін ескере отырып, жан-жақты әрі теңгерімді шешім қабылдауды талап ететіні атап өтілді.