Шағын және орта бизнес ауқымын арттыруға бағытталған тур қорытындыланды
Бүгін, Астанада шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту және ауқымдау мәселелеріне арналған республикалық бизнес-турдың қорытынды кездесуі өтті. Жоба «Атамекен» ҰКП ұйымдастыруымен Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығының (CAAF) қолдауымен жүзеге асырылды.
Бұл бастама Қазақстанның 16 қаласын қамтып, 1 200-ден астам кәсіпкерді біріктірді. Бизнес-тур офлайн кездесулер мен онлайн қосылым форматында ұйымдастырылып, шағын және орта бизнес иелеріне практикалық құралдар мен жүйелі басқару тәсілдерін ұсынуға бағытталған.
Жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге бизнесті тиімді басқару, қаржылық көрсеткіштерді түсіну, өсім нүктелерін анықтау және масштабтаудың нақты тетіктерін көрсету. Бағдарлама аясында қатысушылар бизнес-процестерді жүйелеу, басқарушылық есеп жүргізу, маркетинг тиімділігін арттыру және франчайзинг арқылы кеңею мүмкіндіктері туралы кешенді білім алды.

Бизнес-турдың ерекшелігі – теориядан гөрі қолданбалы форматқа басымдық берілуі. Әрбір кездесуде нақты бизнес-кейстер талданып, қатысушылардың компанияларына қаржы, маркетинг және басқару бағыттары бойынша диагностика жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер өз бизнесіндегі нақты әлсіз тұстарды анықтап, оларды жоюға арналған дайын шешімдерін ала алды.
Талдау қорытындылары бойынша еліміздегі бизнес субъектілеріне тән бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Олардың қатарында қаржылық ашықтықтың жеткіліксіздігі, маркетингтік шешімдердің жүйесіздігі, басқару процестерінің қалыптаспауы және нақты даму стратегиясының болмауы секілді кемшің тұстар бар.

Сонымен қатар, бизнес-тур барысында ұсынылған тәсілдердің тиімділігі нақты кейстер арқылы дәлелденді. Мәселен, бөлшек сауда саласында ассортиментті қайта қарау арқылы қысқа мерзім ішінде табыстылық артса, қызмет көрсету секторында клиенттерді ұстап қалу жүйесін енгізу нәтижесінде қайталама сатылым көлемі едәуір өскен. Бірқатар өндірістік және білім беру жобаларында бизнес-модельдер жүйеленіп, франчайзингке шығу бойынша нақты қадамдар айқындалды.
«Бизнес-тур нәтижесі көрсеткендей, кәсіпкерлердің басым бөлігі өсімге дайын, алайда жүйелі басқару тетіктерінің болмауы олардың дамуын тежейді. Негізгі мәселе – қаржылық көрсеткіштердің айқын еместігі, процестердің реттелмеуі және стратегияның жоқтығы. Біз ұсынған тәсілдер кәсіпкерлерге өз бизнесін қайта қарап, оны жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстандық бизнестің әлеуеті жоғары, және оны іске асыру үшін басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеру қажет», – дейді жобаның бастамашысы және негізгі спикері – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы ШОБ дамыту комитетінің төрағасы Гүлбану Майғарина.
Жалпы алғанда, бизнес-тур еліміздегі кәсіпкерлік ортаның сапалы трансформациясына сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Қатысушылар интуитивті басқарудан жүйелі модельге көшу қажеттігін түсініп, бизнесті масштабтаудың нақты құралдарын меңгерді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған осындай практикалық жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.