Бизнес тығырықта: сарапшылар компаниялардың банкроттығы тақырыбын талқылады
«Бизнес және салықтар» бірлескен жобасының кезекті кездесуінде ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары тікелей эфирде бизнес қауымдастығы үшін ең өзекті тақырыптардың бірі – заңды тұлғалардың банкроттығын талқылады.
Қатысушыларға негізгі құқықтық ережелер еске салынды: банкроттық – бұл сотпен танылған борышкердің төлем қабілетсіздігі, ол оның таратылуына негіз болады. Қазақстанда бұл рәсім «Оңалту және банкроттық туралы» Заңымен реттеледі.
ШҚО МКД дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Сайран Уәлибекованың айтуынша, рәсімнің басты мақсаты – борышкердің мүлкі есебінен кредиторлардың талаптарын мүмкіндігінше толық қанағаттандыру.
Ол тұрақты төлем қабілетсіздіктің белгілеріне ерекше тоқталды.
«Бұл – компанияның міндеттемелері оның мүлкі құнынан сотқа өтініш берген сәтте де, тиісті қаржылық кезеңнің басында да асып түсетін жағдай», – деп түсіндірді Сайран Уәлибекова.
Сондай-ақ сотқа жүгіну негіздері де талқыланды. Рәсімді борышкердің өзі де, кредиторлар да бастай алады. Бұл ретте банкроттық рәсімінің нақты мерзімдері бар екенін және ол тағайындалған басқарушының бақылауымен өтетінін ескеру маңызды.
Сарапшылар заңнамада жалған ғана емес, қасақана банкроттық үшін де жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Қасақана банкроттық деп кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтаруға бағытталған әдейі әрекеттер, соның ішінде активтерді шығару, әдейі тиімсіз мәмілелер жасау немесе мүлікті жасыру түсініледі.
Мұндай фактілер анықталған жағдайда бақылаушы тұлғалар субсидиарлық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, яғни компанияның қарыздарын жеке қаражаты есебінен өтеуге міндеттеледі. Сонымен қатар, мұндай жауапкершілік банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін де туындауы мүмкін.
Қорытындылай келе, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова бизнестің қаржылық жағдайын уақытылы талдау, заң талаптарын сақтау және құжаттармен жұмыс істеудегі ашықтық тәуекелдерді азайтып қана қоймай, елеулі құқықтық салдардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.