«Атамекен» ҰКП алаңында адами капиталды дамыту және әлеуметтік саясат мәселелері талқыланды

06.05.2026
«Атамекен» ҰКП алаңында адами капиталды дамыту және әлеуметтік саясат мәселелері талқыланды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Күн тәртібінде білім беру инфрақұрылымын қаржыландыру, жекеменшік мектептерді мемлекеттік қолдау тетіктері және мектептегі тамақтану саласын реттеу мәселелері қаралды.

Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты комитетінің төрағасы Олжас Ордабаев: Көтеріліп отырған мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдар мен бизнес арасында үйлесімді диалог қажет екенін, ведомствоаралық деңгейде келісілген шешімдерді қабылдау арқылы ғана білім беру саласындағы түйткілдерді тиімді шешуге болатынын айтты.

Студенттік жатақханалар құрылысы: қаржыландырудағы белгісіздік тәуекелдері

Әуелгі болып студенттік жатақханалар құрылысын ынталандыру жобаларын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселесі қаралды. Қолданыстағы модельге сәйкес кәсіпкерлер жатақхана құрылысын өз қаражаты немесе қарыз есебінен жүзеге асырып, кейін мемлекеттік тапсырыс арқылы шығындарын өтеуге тиіс.

Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бірқатар жобаларда құрылыс аяқталғанына қарамастан мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша нақты шешімдер жоқ. Бұл жағдай кәсіпкерлерге айтарлықтай қаржылық жүктеме түсіріп, олардың төлем қабілеттілігіне теріс әсер етіп отыр.

Комитет отырысында аталған мәселенің жүйелі сипатқа ие екені атап өтіліп, мемлекеттік тапсырысты орналастырудың кепілді және тұрақты механизмін қалыптастыру қажеттігі көтерілді. Сонымен қатар, бюджет қаржыландыруының жеткіліктілігі мен мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мәселелері де талқыланды.

Изображение

Жекеменшік мектептерді қаржыландыру: субсидия төлемдеріндегі кідірістер

Екінші мәселе бойынша жекеменшік білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде қаржыландыру жағдайы қаралды. Атап айтқанда, амортизациялық шығындарды өтеу (А2 компоненті) бойынша төлемдердің кешіктірілуі және жаңа міндеттемелерді қабылдауға шектеулер енгізілуі кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық тудыруда.

Қазіргі уақытта қаржыландыру функциялары жергілікті атқарушы органдарға берілген. Алайда, бірқатар өңірлерде бюджет қаражатының жеткіліксіздігі мен енгізілген мораторийге байланысты жаңа шарттар жасалмай, қолданыстағы жобалар бойынша төлемдер тоқтатылған.

Комитет мүшелері бұл жағдайдың жүйелі сипат алып отырғанын атап өтіп, жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландырудың тұрақты және болжамды тетігін қамтамасыз ету қажеттігіне баса назар аударып отыр.

Изображение

Мектептегі тамақтану: реттеудегі жүйелі теңгерімсіздіктер

Кеңейтілген отырыс аясында мектептегі тамақтану саласын реттеудегі жүйелі мәселелер де көтерілді. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық база нарық тұрақтылығын қамтамасыз етпей, адал бәсекелестікке кері әсер ететін бірқатар теңгерімсіздіктерді қалыптастырып отыр.

Атап айтқанда, сот даулары кезеңінде қызмет көрсетушіні ауыстыруға мораторийдің болмауы, бағаны реттеудің тиімсіз тетіктері, конкурстық рәсімдердегі формалды талаптар және кадрлық ресурстарды декларациялау практикасы саланың тұрақты дамуына кедергі келтіруде.

Сонымен қатар, бұл факторлар балаларды сапалы және адал ауқатпен қамтамасыз етуде де тәуекелдер туындатып отыр.

Комитет отырысының қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға қолданыстағы тетіктерді қайта қарау, реттеу саясатын жетілдіру және бизнес үшін тең әрі ашық жағдайлар қалыптастыру жөнінде ұсыныстар жолданады.

«Өңірлердегі кездесулер барысында кәсіпкерлер білім беру саласындағы мәселелердің жүйелі сипатқа ие екенін ашық айтты. Әсіресе, қаржыландыру тетіктерінің тиімділігі, инклюзивті білім беруді дамыту, мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру және жекеменшік білім беру ұйымдарының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағыттары бизнесті алаңдататын негізгі мәселелер қатарында қалып отыр», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев.

«Атамекен» ҰКП алаңында қаралған мәселелер әлеуметтік маңызы бар салаларда мемлекеттік саясатты іске асыру кезінде жүйелі тәсілдің маңыздылығын және бизнес қауымдастықпен тиімді диалог орнату қажеттігін көрсетіп отыр.