Жасанды интеллект және заңнама ревизиясы: Үкіметте Міндетті талаптар тізілімін автоматтандыру мәселесі талқыланды

06.05.2026
Жасанды интеллект және заңнама ревизиясы: Үкіметте Міндетті талаптар тізілімін автоматтандыру мәселесі талқыланды

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Міндетті талаптар тізілімін автоматтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Талқылауға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнеске әкімшілік жүктемені жүйелі түрде азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүргізіліп жатыр.

Кездесудің негізгі тақырыбы — Әділет министрлігі және Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп әзірлеген ЖИ жүйесінің таныстырылымы болды. Цифрлық шешім заңдардан, тексеру парақтарынан және рұқсат беру құжаттарынан бизнеске қойылатын талаптарды жинауды автоматтандырады. Бұл нақты уақыт режимінде қарама-қайшылықтар мен артық реттеулерді анықтауға мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин өз сөзінде Ұлттық палатаның Жобалық кеңсе аясында әдістемелік және сараптамалық орталық ретінде әрекет етіп, бүкіл жұмыстың мазмұндық сүйемелдеуі мен үйлестіруін қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.

Баяндамада қазіргі кезеңнің ерекшеліктеріне баса назар аударылды:

«Қазіргі кезеңде біз неғұрлым қолданбалы тәсілді пайдаландық. Талаптар жүйесі бұған дейін кешенді түрде қайта қаралған болатын, сондықтан қазір біз жалпы талдаудан бизнестің нақты өтініштері арқылы нүктелі реттеуге көштік. Соның негізінде жерді пайдаланудан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік пен экологияға дейінгі негізгі салалардағы мәселелер тізбесін жүйеледік», – деді Аслан Қалиғазин.

Сондай-ақ, ол ревизияның бірінші кезеңінің нәтижелері туралы айтып берді. 4 мамырдағы жағдай бойынша жұмыс топтары 23 отырыс өткізіп, 79 нормативтік акті мен 183 міндетті талапты қарастырды. Нәтижесінде мемлекеттік органдар бизнестің 50 ұсынысын мақұлдады.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға екі апта ішінде үшін «Атамекен» ҰКП базасында мәліметтерді верификациялауға және ЖИ алгоритмдерін баптауға сарапшылардың қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.