«Атамекен» ескертеді: тұрмыстық алаяқтықтан сақ болыңыз. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасына азаматтық-құқықтық қатынастар түрінде жасалатын алаяқтық әрекеттерге байланысты өтініштер жиілеп түсуде.
Әңгіме тауар жеткізу, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету туралы шарт жасасуды бүркеніп, іс жүзінде бөтеннің ақшалай қаражатын заңсыз иемденуді көздейтін жағдайлар туралы болып отыр.
Тәжірибе көрсеткендей, мұндай жағдайларда зардап шеккен кәсіпкерлер көбіне тек ақшалай қаражатты өндіру туралы талап арызбен шектеліп, мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоймайды.
Ал бұл өз кезегінде кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды қиындатуы мүмкін, себебі сырттай қарағанда азаматтық-құқықтық қатынастардың белгілері сақталады.
Осыған байланысты Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне:
- контрагенттерді мұқият таңдауға;
- шарт талаптарын жан-жақты тексеруге;
- барлық келісімдер мен әрекеттерді құжат жүзінде рәсімдеуге;
- алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дер кезінде заңгерлік көмекке жүгінуге;
- қажет болған жағдайда мәмілені жарамсыз деп тану мәселесін қарастыруға кеңес береді.
«Атамекен» кәсіпкерлерді қырағылық танытуға және келісімшарттар жасасу барысында құқықтық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударуға шақырады.
Кейде алаяқтық ресми құжаттың, келісімнің немесе іскерлік кездесудің тасасында жасырынып тұрады. Сондықтан сақтық бүгінгі таңда бизнестің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.