«Атамекен» ҰКП және даму институттары қазақстандық бизнесті жүйелі қолдау туралы келісімге қол қойды

08.05.2026
«Атамекен» ҰКП және даму институттары қазақстандық бизнесті жүйелі қолдау туралы келісімге қол қойды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ шикізаттық емес экспортты дамытуға және отандық өндірушілерді кешенді қолдауға бағытталған өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы төртжақты келісімге қол қойды.

Келісім аясында тараптар қазақстандық кәсіпорындарды сыртқы нарықтарға шығару кезінде жүйелі қолдау тетіктерін қалыптастыруды көздейді. Атап айтқанда, компаниялардың экспорттық әлеуетін айқындау, бизнесті экспорттық қызметке дайындау, қаржылық және сақтандыру құралдарына қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ экспорттаушыларға аналитикалық және қаржылық емес қолдау көрсету жоспарлануда.

Келесі бағыттарға ерекше назар аударылмақ:

- отандық тауар өндірушілер үшін өткізу нарықтарын кеңейту;

- шикізаттық емес өнім экспорттаушылар санын арттыру;

- бизнесті микро және шағын кәсіпкерліктен тұрақты экспортқа бағдарланған компанияларға дейін «өсіру» тетіктерін дамыту;

- сыртқы нарықтар, кедергілер және қазақстандық өнімге деген шетелдік сұраныс туралы ақпарат алмасу;

- халықаралық алаңдарда Қазақстанның сауда мүддесін бірлесіп ілгерілету;

- бизнес-форумдар, көрмелер, оқыту іс-шаралары мен B2B-кездесулер ұйымдастыру.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин ынтымақтастықтың негізгі бағыты өңірлердегі бизнеске нақты пайда әкелу екенін атап өтті.

«Бүгінде қазақстандық бизнеске түрлі қолдау құралдары қолжетімді, алайда олар көбіне бір-бірімен байланыспаған. Осы орайда біз оларды жүйелеп, өзара тиімді ықпалдастықты жолға қоюға ниеттіміз. Жақын уақытта Өңірлік кәсіпкерлер палаталары базасында компанияларды «тығыз» даярлау жұмысын бастаймыз. Біздің міндетіміз – QazTrade және қаржы институттарымен бірлесіп, кедергілерді жою және қолдау шараларына жету жолын барынша қысқарту», – деді Аслан Қалиғазин.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Владимир Ли деректер алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Изображение

«Атамекен» ҰКП мен QazTrade сапалы қаржылық қолдау ұйымдастыру үшін аса маңызды ауқымды аналитикалық ақпаратқа ие. Бұл мәліметтер бізге тауарлар мен қызметтер өндірісі салаларын мақсатты түрде дамытуға және отандық тауар өндірушілермен өзара іс-қимылды айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді».

Талқылау барысында «Атамекен» ҰКП қалыптасқан өңірлік желісі, бизнес және салалық қауымдастықтармен тікелей байланысы арқылы отандық экспорттаушылардың жүйелі мәселелері жөнінде ауқымды тәжірибелік ақпаратқа ие екені айтылды. Оның ішінде қаржыландыру, логистика, сыртқы нарықтарға шығу, реттеуші шектеулер және мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бар. Сонымен қатар Палата тиісті мәселелерді тұрақты сараптамалық тұрғыда пысықтап, нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жүргізіп, экспорт саясатын жетілдіруге және бизнеске кедергілерді жоюға бағытталған шоғырландырылған ұсыныстар әзірлей алады.

Қазір «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасының Қазақстан өңірлеріне жасаған жұмыс сапарларының қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің түйткілді мәселелері мен бастамаларының ауқымды пулы қалыптастырылды. Оның ішінде экспорттық қолдауды дамыту, өткізу нарықтарын кеңейту және экспорттаушыларды қолдау құралдарының тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар бар.

Қазақстандық брендтердің танымалдылығы мен сұранысын қалыптастырудың маңызын «QazTrade» АҚ экспортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры Айнұр Амирбекова атап өтті.

Изображение

«Қазақстандық өнімді ілгерілету бойынша барлық институттардың өзара іс-қимылы қажет. Бүгінде біздің тауарлар әлемдік нарықта әлі де жеткілікті деңгейде сұранысқа ие болмай тұр. Осыған байланысты оларды дұрыс таныстырып, сұраныс қалыптастыру керек. Барлық құралдарымыз нақты құрылымдалуға тиіс, ал бұл Меморандум аталған жұмыстың берік негізіне айналады», – деді ол.

Өз кезегінде «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басқарушы директоры Елена Абилова үйлесімнің маңызын атап өтті:

Изображение

«Экспорттаушыларға кешенді қолдау қажет. Біздің бірігуіміз әрбір өндірушінің қажеттіліктерін нақты түсініп, қажет болған жағдайда соларға бейімделген жаңа өнімдерді әзірлеу үшін маңызды. Жүйелі диалогтың бастамасы жасалды, енді өзара іс-қимылды нақтылау кезеңіне өтпекпіз».

Изображение

Алдағы екі апта ішінде тараптар өзара іс-қимыл алгоритмдерін егжей-тегжейлі пысықтауға кіріседі. Өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен жұмысты үйлестіру мақсатында Zoom-конференциялар сериясын өткізу жоспарланған. Іскерлік қауымдастық пен даму институттарының күш-жігерін біріктіру қазақстандық өнімді халықаралық нарықтарға ілгерілету үшін кедергісіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.