ЖИ бизнеске қойылатын талаптарды саралайды: «Атамекен» ҰКП-да жаңа жүйе талқыланды
Заңнамаға кешенді сараптама жасау мақсатында жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып Міндетті талаптар тізілімін толық енгізу аясында «Атамекен» ҰКП жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин жетекшілік еткен кеңес өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп әзірлеп жатқан ақпараттық жүйенің жұмысы және міндетті талаптарды бағалау мәселелері талқыланды.

Кеңес барысында Аслан Калигазин қазіргі таңда ақпараттық жүйеге нормативтік құқықтық актілер, тексеру парақтары мен рұқсат беру құжаттары негізінде қалыптастырылған талаптардың ауқымды базасы енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі кезеңдегі негізгі міндет – жүйеге енгізілген талаптарды жан-жақты верификациялау және олардың кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты міндетті талаптарға сәйкестігін практикалық тұрғыдан бағалау.
«Қазіргі кезеңде әрбір талаптың міндетті талаптар санатына дұрыс енгізілгенін айқындау қажет. Бұл жұмыс ақпараттық жүйенің оқыту базасын қалыптастыру үшін аса маңызды. Болашақта дәл осы деректер негізінде жүйе талаптарды автоматты түрде айқындай алатын болмақ. Сондықтан бүгінгі верификация сапасы жүйенің болашақтағы тиімділігіне тікелей әсер етеді», – деді Аслан Қалиғазин.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі, Міндетті талаптар тізілімін әзірлеуші Ерғали Мабиев жобаның негізгі тетіктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, жоба мемлекет пен бизнес арасындағы ұзақ жылдар бойы қордаланған жүйелі мәселені шешуге бағытталған. Яғни кәсіпкерлер әкімшілік жүктемені азайтуды көздесе, мемлекет қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз етуге мүдделі. Алайда осы уақытқа дейін бірыңғай база болмағандықтан, нақты талаптардың саны мен олардың экономикаға түсіретін салмағы толық анықталмаған.
«Жүйе нормативтік құқықтық актілерді автоматты түрде талдап, бизнеске қатысты міндетті талаптарды машиналық оқыту алгоритмдері арқылы анықтайды. Бұл мыңдаған құжаттарды қолмен талдауға кететін уақытты едәуір қысқартады. Сонымен қатар жүйе қайталанатын талаптарды анықтап, олардың бизнеске түсіретін жүктемесін бағалауға мүмкіндік береді», – дейді Ерғали Мабиев.

Сондай-ақ ол болашақта кәсіпкерлер өз қызмет саласына сәйкес жеке талаптар тізімін ала алатынын атап өтті. Мысалы, «Жүк тасымалдаушы», «Ауыл шаруашылығы өндірушісі» немесе «ТҚКС ашу» секілді дайын сценарийлер арқылы кәсіпкерге қатысты барлық міндетті талаптар қолжетімді болады.
Кеңес барысында «Атамекен» ҰКП консультанты Гүлнар Қуанғанова қазіргі уақытта бағалау ақпараттық жүйеге жүктелген салалар бойынша жүргізіліп жатқанына тоқталды. Оның сөзінше, жүйеде кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын міндетті талаптармен қатар, мемлекеттік органдардың функционалдық өкілеттіктері мен ішкі процестеріне қатысты нормалар да кездеседі. Бұдан бөлек, жекелеген талаптардың әртүрлі мемлекеттік органдар мен нормативтік құқықтық актілер арасында қайталануы немесе өзара ұқсас болуы мүмкін.
«Сондықтан әрбір талапты бағалау кезінде қолданыстағы заңнама нормаларымен мұқият салыстыру қажет. Әрбір ережені қарау барысында тиісті нормативтік құқықтық актіні «Әділет» жүйесінен ашып, мазмұнына жан-жақты талдау жүргізу маңызды. Өйткені қазіргі верификацияның сапасы Міндетті талаптар тізілімінің дұрыс қалыптасуына тікелей ықпал етеді», – деді Гүлнар Қуанғанова.

Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар міндетті талаптарды бағалау және верификациялау жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы әрі жедел аяқтау үшін мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтың өзара үйлесімді іс-қимылын күшейту қажеттігін атап өтті.