Медиация — кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді құралы

01.05.2026
Медиация — кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың тиімді құралы

 

Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда бизнес өкілдеріне дауларды жедел шешу үшін медиацияны қолдану тетіктері түсіндірілді.

Іс-шараға Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Арман Шаменов, Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты судьясы Майра Салькеева, сондай-ақ өңірдің құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.

Кездесуге қатысушылардың айтуынша, соңғы бір жарым жыл ішінде Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында медиация тәртібімен дауларды реттеу жөніндегі келісімдер жүйесі арқылы бизнестің 51 мәселесі оң шешімін тапқан.

Өңірдегі бұл әдістің тиімділігі тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесінде қамтамасыз етілуде: сот пен Кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Осы құжат аясында түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.

Медиация мәселесінен бөлек, кездесуде жергілікті құрылыс салушының тәжірибелік жағдайы да талқыланды: кәсіпкер құрылыс жобасын аяқтауға ұмтылғанымен, заңнамадағы құқықтық қайшылықтарға байланысты тығырыққа тірелген.

Талқылауды қорытындылай келе, қатысушылар медиацияны бизнес ортаға енгізу ең алдымен экономикалық тиімділік мәселесі деген ортақ пікірге келді. Мұндай тәжірибе сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік беріп, ұзаққа созылатын сот процестері мен оған байланысты қаржылық шығындарды азайту арқылы ресурстарды үнемдеуге жол ашады.