Қостанай облысының бизнес-қоғамдастығы еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жобасын әзірлеуге қатысуда
Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеу тәсілдерін талқылауға арналған кеңес өтті. Кездесуге қатысушылар — мемлекеттік орган, бизнес және сарапшылық қоғамдастық өкілдері — цифрландыру мен заңнамадағы жүйелі өзгерістер кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы сенімді қалай арттыра алатынын талқылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Салықбаев атап өткендей, биылғы жылы 2022–2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру кезеңі аяқталады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттары аясында мемлекеттік басқаруды жетілдіру жұмысының қисынды жалғасы болатын жаңа стратегиялық құжатты әзірлеуге кірісті.
Талқылаудың басты тақырыбы цифрландыру мәселесі болды. Бейінді ведомство өкілдері мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру — адами факторды жоюдың және өкілеттіктерді асыра пайдаланудың алдын алудың ең тиімді жолы екенін атап өтті.

Сәтті мысал ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы «Госагро» жүйесінің жұмысы келтірілді. АӨК-ті субсидиялауды қоса алғанда, 10 мемлекеттік қызметті автоматтандыру төлемдерді бөлудегі қолмен басқару режімін жоюға мүмкіндік берді.
Жүйе Ұлттық статистика бюросының деректер базасымен, техника тізілімдерімен және кадастрлармен біріктірілген, бұл өтінімдерді қараудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етеді, — деп нақтылады Қостанай облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерлік Досмұхамедов.
Кездесуге қатысушылар барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелер бизнес үшін ашық әрі түсінікті болуы тиіс деген ортақ пікірге келді. Талқылауға белсенді қатысқан Қостанай облысының кәсіпкерлері бизнес-климатты жақсарту бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Салықтық әкімшілендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) жұмысы туралы мәселе көтерілді.
Бизнес-қоғамдастық консалтингтік фирмаларда бухгалтерлік есеп аутсорсингін пайдаланатын компаниялар үшін преференциялар енгізуді ұсынды. Бұл салық органдары тарапынан «жанама әдісті» негізсіз қолдану ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері айтылған барлық ұсыныстар талданатынына сенім білдірді. Жаңа бағдарламалық құжаттың басты міндеті — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоятын практикалық механизмдер құру.
Жаңа тұжырымдаманы әзірлеу кезінде жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді ескеру қажет. Департамент кәсіпкерлерді өздерінің негізделген ұсыныстары мен идеяларын ведомствоның ресми сайтындағы арнайы бөлім арқылы жіберуге шақырады.
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ренат Давлетпаев бизнес пен билік күш-жігерінің шоғырлануы — заң мен тәртіп кәсіпкерлікті дамытудың негізі болатын бәсекеге қабілетті экономика құрудың кепілі екенін атап өтті.