ШОБ-ты қолдау: «Таза парақ» тетігінің мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылды

12.05.2026
ШОБ-ты қолдау: «Таза парақ» тетігінің мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылды

Жақында Қазақстан Республикасының Үкіметі микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдету шараларын 2026 жылға дейін ұзарту туралы стратегиялық шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Қолдаудың негізгі құралы ретінде кәсіпкерлікке барынша қолайлы орта қалыптастыру мақсатында енгізілген «Таза парақ» тетігі сақталып отыр.

Бағдарламаны іске асырудың қазіргі кезеңі кәсіпкерлерге түсетін қаржылық жүктемені азайтуда жоғары тиімділігін көрсетті.

2026 жылдың басынан бастап енгізілген салық салудағы икемді тәсіл ел экономикасына оң ықпал бергені байқалады:

·        19 мың кәсіпкер жалпы сомасы 13 млрд теңгені құрайтын негізгі салық берешегін толық өтеді;

·        Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан 4,4 млрд теңге өсімпұл және 4,9 млрд теңге айыппұл есептен шығарылды;

·        Бизнеске 2026 жылға дейін туындаған бұрынғы міндеттемелер бойынша камералдық бақылаудан, тексерулерден және сот арқылы өндіріп алудан «иммунитет» берілді. Бұл компанияларға жаңа Салық кодексіне бейімделуге мүмкіндік береді.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, ҚҚС-на байланысты құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершіліктің ерекше тәртібі сақталады. Алайда, ШОБ субъектілері төмендегі жағдайларда әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды:

·        2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында ҚҚС бойынша тіркеуге тұрмаған кезеңдегі айналым көлемі 1000 АЕК-тен аспаса;

·        2026 жыл ішінде кәсіпкер ҚР ӘҚБтК-нің 269 және 275-баптары бойынша құқық бұзып, салық органдарының хабарламасымен келісіп, белгіленген мерзімде ҚҚС бойынша тіркеу есебіне өз еркімен тұрған жағдайда.

Аталған шаралар Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.