Келес өңірінде іскер әйелдер форумы өтті: жаңа технологиялар – жаңа мүмкіндіктер
Түркістан облысы Келес ауданы Абай ауылында іскер әйелдер форумы өтті. Іс-шара өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды бизнесте тиімді пайдалану мәселелерін талқылауға арналды.
Форумға мемлекеттік органдар өкілдері, қаржы институттары, кәсіпкерлер және өңірдің белсенді іскер әйелдері қатысты. Жиынды Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңесінің мүшесі Мөлдір Каржаулова жүргізді.
Іс-шара барысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, сондай-ақ Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына тоқталды.

Өз сөзінде Асылан Ибадуллаев өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі жоғары екенін атап өтті. Бүгінде Түркістан облысында 208 мыңнан астам кәсіпкер тіркелсе, оның 94 мыңнан астамы – әйелдер. Бұл жалпы кәсіпкерліктің 45 пайыздан астамын құрайды.
Сонымен қатар, халықаралық жобаларға да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, «Микробизнестегі әйелдер» және «Бір ауыл – бір өнім» жобалары аясында көптеген әйелдер өз кәсібін бастап, табысты дамытып келеді. Бұл жобалар ауыл әйелдерінің экономикалық белсенділігін арттыруға үлкен мүмкіндік беруде.
Форумның негізгі тақырыбы – бизнестегі жаңа технологиялар болды. Бұл ретте жасанды интеллекттің мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
«Бүгінгі таңда жасанды интеллект тек технология емес, бизнестің дамуына серпін беретін маңызды құралға айналды. Ол клиенттермен тәулік бойы жұмыс істеуге, процестерді автоматтандыруға, шығындарды азайтуға және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді» – деді Палата директоры.

Оның айтуынша, алдағы жылдары цифрландыру мен ІТ саласының қарқынды дамуы бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондықтан кәсіпкерлерге заманауи технологияларды тиімді пайдалану маңызды.
Сонымен қатар, ол Палата тарапынан көрсетілетін сервистік және консультациялық қолдау, «Микробизнестегі әйелдер», «Бір ауыл – бір өнім» секілді жобалардың тиімділігіне тоқталып, жасанды интеллекттің бизнестегі рөліне ерекше назар аударды.

Форум барысында Түркістан облысы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңесінің төрайымы Салтанат Тулегенова да сөз сөйлеп, әйелдердің бизнес саласындағы белсенділігі мен олардың қоғамдағы рөлін күшейту мәселелерін қозғады.
Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктер туралы Өңірлік палата өкілі Гүлназ Есетова баяндама жасап, кәсіпкерлерге ұсынылатын қолдау құралдары мен инвестициялық жобалар жайлы ақпарат берді.

Іс-шара соңында бірқатар кәсіпкерлер марапатталып, концерттік бағдарлама ұсынылды.