Жаңа технологиялар мен халықаралық тәжірибе: ақтөбелік кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өтті
«Нұралы» шаруа қожалығының жетекшісі Камшат Төлеуова Германиядан оралды. Ол тағам және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі бағыты бойынша ағылшын тілді топ құрамында қарқынды бизнес-тағылымдамадан өтті. Сапар «Атамекен» ҰКП мен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын «Partnering in Business with Germany» («Германиямен іскерлік әріптестік») бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. «Іскерлік байланыстар» жобасы кәсіпкерлерге халықаралық тәжірибе мен заманауи басқару технологияларына жол ашады.
Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы цифрлық трансформация кезеңіне қадам басты. Ақтөбелік кәсіпкерлер үшін бұл жай ғана теория емес, нақты даму бағытына айналып отыр. Табысты шаруа қожалығын басқарып отырған Камшат Төлеуова еуропалық озық тәжірибені туған жерге енгізуді мақсат еткен кәсіпкерлердің бірі.
Көптеген кәсіпкерлер халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламаларына күмәнмен қарап, оны күрделі әрі қолжетімсіз деп санайды. Алайда Камшат Төлеуованың тәжірибесі мұның керісінше екенін дәлелдейді.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының хабарламасын алғаш көргенде, шынымды айтсам, күмән болды. Осындай іріктеуден өте аламын ба деп ойладым. Бірақ тәуекел етуге бел будым. Өтінім толтыру, құжат жинау, сұхбаттасу — барлық процесс ашық әрі әділ өтті. Бұл маған бастапқы кезеңнің өзінде сенім берді», — дейді кәсіпкер.
Тағылымдама бағдарламасы фермерлік шаруашылықтардың, логистикалық орталықтардың және өнім өңдеу кәсіпорындарының жұмысын зерделеуді қамтыды. Әсіресе автоматтандырудың жоғары деңгейі, цифрлық бақылау жүйесі мен өндіріс сапасы ерекше әсер қалдырған.
«Германиядағы жүйелілік мені таңғалдырды. Біз шағын отбасылық фермалардан бастап ірі агроөнеркәсіптік кешендерге дейін көрдік. Технология әр кезеңде қолданылған — дрондар егістікті бақылайды, мал шаруашылығында нақты есеп жүйесі енгізілген, ал өнім өңдеу стандарттары ешқандай ауытқуға жол бермейді. Біз «егістіктен дайын өнімге дейінгі» толық тізбекті көзбен көрдік», — дейді Камшат Төлеуова.

Мұндай тағылымдамалардың басты мақсаты — шетелдік тәжірибемен танысып қана қоймай, алған білімді Қазақстанда енгізу. Шаруа қожалығы жетекшісінің айтуынша, бұл сапар оған Ақтөбе облысының әлеуетіне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берген.
«Бұл сапар ауыл шаруашылығына басқа қырынан қарауға жол ашты. Ақтөбе облысында дәл осындай стандарттарды енгізуге толық мүмкіндік бар. Біз тек ішкі нарықпен шектелмеуіміз керек. Біздің шаруашылықтар халықаралық деңгейде сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнім өндіре алады. Ең бастысы — өзгерістен қорықпай, үнемі білім алып отыру», — деп атап өтті ол.
Бүгінде Камшат Төлеуова өндірісті жаңғырту бағытында нақты жоспарлар құрып отыр. Сонымен қатар ол халықаралық тағылымдамадан тегін өту мүмкіндігін ұйымдастырған «Атамекен» ҚР ҰКП-ға алғысын білдіріп, кәсіпкерлерді «Іскерлік байланыстар» жобасына белсенді қатысуға шақырады. Өйткені заманауи бизнес — бұл ең алдымен жаңа білім, ашықтық және дамуға ұмтылыс.

