Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған ауқымды бизнес-кездесу өтті. Іс-шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетіп, өңіраралық байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Кездесуге мемлекеттік құрылымдар өкілдері, дипломатиялық миссия мүшелері және түрлі саладағы кәсіпкерлер қатысып, өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, өнеркәсіптік кооперация, агроөнеркәсіп кешені, логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларға ерекше назар аударылды.

Жиынға Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимов бастаған ресми делегация қатысып, екіжақты экономикалық байланыстың маңыздылығын атап өтті. Елші өз сөзінде соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін, ал өңіраралық ынтымақтастықтың бұл үрдісте ерекше рөл атқаратынын жеткізді.

Жиын барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстардың соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқаны айтылып, нақты көрсеткіштер мен жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды. Түркістан облысы бұл процесте жетекші өңірлердің бірі ретінде танылып отыр. Бүгінде облыс Өзбекстанның бірнеше ірі аймақтарымен тікелей меморандумдар негізінде жұмыс жүргізіп, бірлескен өндірістер мен инвестициялық жобаларды іске асыруда.

Кәсіпкерлер арасында өткен ашық диалог барысында тараптар өзара сауда көлемін арттыру, жаңа нарықтарға шығу және бірлескен кәсіпорындар құру мәселелерін талқылады. Бұл өз кезегінде екі ел экономикасының өзара толықтырылуын қамтамасыз ететін маңызды қадамдардың бірі болып отыр.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кездесудің маңыздылығына тоқталып, өңірдің әлеуетін атап өтті:
«Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық бүгінгі таңда жаңа сапалы кезеңге өтіп отыр. Түркістан облысы географиялық және экономикалық тұрғыдан осы серіктестіктің негізгі тірек нүктесіне айналып келеді. Біз үшін басты міндет – кәсіпкерлерге нақты жағдай жасап, бірлескен жобаларды іске асыруға қолайлы орта қалыптастыру. Бүгінгі кездесу – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы», – деді А.Ибадуллаев.

Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиер Ибрагимов іскерлік байланысты одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті:
«Қазақстан мен Өзбекстан – бір-бірін толықтыратын, экономикалық әлеуеті жоғары серіктес елдер. Біз үшін өңірлер арасындағы байланыс – ынтымақтастықтың ең тиімді тетіктерінің бірі. Түркістан облысымен бірлескен жобаларды кеңейтуге және кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланысты нығайтуға мүдделіміз», – деді ол.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге, өзара инвестиция тартуға және нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.
Мұндай кездесулер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сенім мен серіктестікті нығайтып қана қоймай, тұтастай алғанда Орталық Азиядағы экономикалық тұрақтылық пен өсімге оң ықпал етеді.