Елордалық кәсіпкерлердің мәселелері талқыланды: Ерсін Өтебаев бизнес өкілдерімен кездесті

12.05.2026
Елордалық кәсіпкерлердің мәселелері талқыланды: Ерсін Өтебаев бизнес өкілдерімен кездесті

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсин Өтебаевтың қатысуымен өңірлік және салалық кеңестер мүшелерінің кездесуі өтті. Іс-шара ашық микрофон форматында ұйымдастырылып, кәсіпкерлерге өзекті мәселелер мен ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік берді.

Кездесу барысында бизнес өкілдері қалалық және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жол желісінің жай-күйі, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы, қоғамдық көлік жұмысы, мемлекеттік цифрлық платформалар мен сервистерге қатысты мәселелерді көтерді.

Сондай-ақ логистикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру, елордада кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау жөнінде ұсыныстар айтылды.

Изображение

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, кәсіпкерлер өз салаларындағы өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешуге бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Жиын барысында айтылған барлық мәселелер мен бастамалар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Изображение

Кездесу соңында Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин қала әкімдігі мен бизнес қауымдастығы арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтті. Ол кәсіпкерлердің мәселелеріне назар аударып, тұрақты қолдау көрсеткені үшін әкімдік өкілдеріне алғыс білдірді.