Астанада кәсіпкерлерге «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауларына қатысу ережелері түсіндірілді
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлерді іріктеу және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысушыларды бағалау тәртібі мен әдістемесіне арналған оқыту семинары өтті.
Іс-шараға өнім мен көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүдделі кәсіпкерлер, сондай-ақ аталған байқауларға қатысуға ниетті бизнес өкілдері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар байқауларды өткізу тәртібімен, үміткерлерге қойылатын талаптармен, бағалау өлшемшарттары бойынша әдістемемен, өтінім құжаттарын рәсімдеу ережелерімен және іріктеу кезеңдерінің ерекшеліктерімен таныстырылды. Сонымен қатар, өнім мен қызмет сапасын растау, кәсіпорындарда заманауи менеджмент жүйелерін енгізу мәселелеріне басымдық берілді.
Республикалық байқауларды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор Мерей Исаеваның айтуынша, негізгі мақсат – бағалау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және кәсіпкерлердің байқау талаптары туралы ақпараттандырылу деңгейін арттыру.

Практикалық тәжірибе алмасу барысында өткен жылдардың жеңімпаздары – AG TECH компаниясының өкілдері сөз алып, байқауға қатысуға дайындық процесі, өтінімдерді рәсімдеу ерекшеліктері және назар аударуға тиіс негізгі аспектілер жөнінде тәжірибелерімен бөлісті.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Алтын сапа» сыйлығы 20 жылдан астам уақыт бойы еліміздегі сапа саласындағы ең беделді марапаттардың бірі саналады. Ол өнім мен қызмет сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғары нәтижелерге, сондай-ақ озық басқару және өндіріс технологияларын енгізген кәсіпорындарға табысталады.
Аталған байқаулар отандық үздік кәсіпорындарды анықтап, қолдауға, сапаның жоғары стандарттарын қалыптастыруға және қазақстандық өнімнің ішкі әрі сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасында байқауларға қатысуға өтінім қабылдау 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасатыны хабарланды.