Ақмола облысында туризм саласының кадрлық әлеуеті тәлімгерлік арқылы күшейтілуде

13.05.2026
Ақмола облысында туризм саласының кадрлық әлеуеті тәлімгерлік арқылы күшейтілуде

Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы туристік бизнес өкілдеріне арналған «Тәлімгерлік мектебі» жобасы аясында оқыту өткізді.

Бағдарламаның негізгі бағыты – теория үшін теория емес, нақты практикалық құралдар. Қатысушыларға нақты жұмыс ортасында тәлімгер болу, студенттерді сүйемелдеу, кәсіби дағдыларды үйрету, тиімді коммуникация орнату және жас мамандарды бизнес талаптарына бейімдеу жолдары үйретілді. Бағдарламада өндірістегі сапалы оқытуды қамтамасыз ететін тәлімгерлік педагогикасы мен психологиясына ерекше назар аударылды.

Курс гид-экскурсоводтар үшін айрықша маңызға ие болды. Бұл салада буын алмасу табиғи түрде жүріп жатыр, тәжірибелі мамандардың кетуімен бірге бірегей білімдер – маршруттар, тарихи деректер, туристермен жұмыс істеу тәсілдері жоғалу қаупі бар. Тәлімгерлік тек оқыту құралы ғана емес, кәсібилікті «ішінен» жеткізудің тиімді жолына айналуда.

Оқыту дуалды білім беру форматы бойынша өтті, яғни теория мен практика ұштастырылды. Бұл модельде тәлімгер шешуші рөл атқарады: ол нақты жұмыс орнына бейімделген маманды қалыптастырып, білім беру мен еңбек нарығы талаптарының арасындағы алшақтықты азайтады.

Қатысушылар бағдарламаның қолданбалы сипатын атап өтті. Алынған білім мен дағдыларды олар тәжірибеден өтушілермен және жас қызметкерлермен жұмыс барысында бірден енгізуді жоспарлап отыр. Оқу қорытындысы бойынша барлық тыңдаушыларға сертификаттар табысталып, олар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәлімгерлер тізіліміне енгізілді. Бұл оларға білім беру және салалық бастамаларға қатысуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

«Жобаның ауқымын кеңейту әлеуеті жоғары. Ол өткен жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген өңірлік мультипликаторларды даярлау нәтижесінде жүзеге асты. Бүгінде әр өңірде “Тәлімгерлік мектебін” дербес іске қосып, оны жергілікті бизнес қажеттіліктеріне бейімдей алатын мамандар бар. Бұл бір реттік оқыту емес, кадрлармен жүйелі жұмыс. Туристік ағым артып отырған жағдайда мамандар сапасы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналып отыр», – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.