Ақтөбеде «Адал кәсіпкер» акциясы бойынша ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өтті

14.05.2026
Ақтөбеде «Адал кәсіпкер» акциясы бойынша ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өтті

Ақтөбе облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасында «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында жүзеге асырылатын «Адал кәсіпкер» өңірлік акциясын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Отырыс жұмысына мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, қаржы институттарының, бизнес қауымдастықтардың, БАҚ, салалық кеңестер мен өңір кәсіпкерлері қауымдастығының өкілдері қатысты. Комиссия құрамына облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің, Төтенше жағдайлар департаментінің, облыстық прокуратураның, Полиция департаментінің, ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, облыстық мәслихаттың, «Даму» қорының, «Қазақстан» РТРК» АҚ филиалының, «Актюбинский вестник» газетінің, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мен салалық бірлестіктердің өкілдері енді.

Отырысты ашқан Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов «Адал кәсіпкер» акциясын жүзеге асыру өңірде адал әрі жауапты бизнес жүргізу мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.

«Біздің міндетіміз – тек байқау өткізу емес, ашық жұмыс істейтін, заңнаманы сақтайтын, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, салық міндеттемелерін уақытылы орындайтын және өңірдің дамуына үлес қосатын кәсіпкерлерді ынталандырудың түсінікті әрі ашық тетігін қалыптастыру», – деді ол.

Отырыс барысында Ведомствоаралық комиссия мүшелері өзара танысып, құрылып отырған алаңның мақсат-міндеттерін талқылады, сондай-ақ акцияны іске қосуға қажетті негізгі құжаттардың жобаларын қарады. Комиссия төрағасы болып Сергей Вишняк сайланды.

Изображение

«Адал кәсіпкер» өңірлік акциясын өткізу туралы ереже жобасын, қатысушыларды бағалау әдістемесін, кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу критерийлерін, рейтинг қалыптастыру тәртібі мен қорытынды шығару механизмін талқылауға ерекше назар аударылды.

Талқылау барысында қатысушылар құжаттарды жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар мен бастамалар айтты. Мемлекеттік органдар өкілдері бағалау критерийлерінің барынша объективті болуына, ресми деректерді пайдалануға және барлық рәсімдердің ашықтығына назар аударды. Ал бизнес және салалық қауымдастық өкілдері кәсіпкерліктің салалық ерекшеліктерін, әлеуметтік жауапкершілік, еңбек қауіпсіздігі және адал салық тәртібі мәселелерін ескеруді ұсынды.

Қатысушыларды бағалаудың балдық жүйесін қалыптастыру мәселесіне де жеке тоқталды. Ұсынылып отырған модель бизнес субъектілерін салық және еңбек заңнамасын сақтау, еңбек қауіпсіздігі, құқықтық адалдық, әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік, бизнесті ашық жүргізу, сондай-ақ өңір экономикасының дамуына қосқан үлесі бойынша бағалауды көздейді.

Изображение

Сондай-ақ отырыс барысында акцияға қатысуға арналған өтінім жобасы, растаушы құжаттар тізбесі, байқауды өткізу кезеңдері және Ведомствоаралық комиссия жұмысының механизмі талқыланды. Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен ескертулерін ескере отырып, құжаттардың жекелеген ережелерін пысықтау туралы шешім қабылданды.

Кездесу барысында атап өтілгендей, «Адал кәсіпкер» акциясы тек адал кәсіпкерлерді қоғамдық мойындау тетігі ғана емес, мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы сенімді нығайтудың практикалық құралына айналмақ.

Изображение

Жобаны іске асырудың қорытынды кезеңі ретінде өңірлік бизнес-форум аясында жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімін өткізу жоспарланып отыр. Іс-шара ауқымды ақпараттық сүйемелдеумен және жауапты бизнестің табысты тәжірибелерін таныстырумен қатар жүреді.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдіріп, кәсіпкерлік ортада заңдылық, ашықтық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ілгерілетуде мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Изображение