Жазғы туристік маусымдағы теміржол тасымалы мәселелері талқыланды
«Жолаушылар тасымалы» АҚ алаңында «Атмекен» ҰКП, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, туроператорлар мен салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен жазғы туристік маусымдағы теміржол тасымалын ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында туристік бағыттардың көліктік қолжетімділігі, қосымша пойыздар ұйымдастыру, вагон паркін жаңарту және халықаралық туристік маршруттарды дамыту мәселелері қаралды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, 2026 жылдың жазғы кезеңінде 154 жұп пойыз қатынайды, оның ішінде 13 қосымша маусымдық маршрут іске қосылмақ. Алакөл, Балқаш және өзге де сұранысы жоғары туристік бағыттарға қосымша рейстер ұйымдастырылып, пойыз құрамдарын ұлғайту мәселесі пысықталуда.

Кеңес барысында туроператорлар жазғы маусымда орын тапшылығы, вагондардағы кондиционерлердің жұмысы және туристік бағыттардағы сервисті жақсарту мәселелерін көтерді.
Ұлттық тасымалдаушы вагон паркін кезең-кезеңімен жаңартып жатыр. Қазіргі таңда вагондардың 86%-ы кондиционер жүйесімен жабдықталған. Биыл тағы 280 жаңа вагон жеткізу жоспарланған.
Жазғы кезеңде «Нұрлы жол – Достық», «Алматы – Достық», «Қарағанды – Балқаш» бағыттары бойынша қосымша пойыздар қатынайды. Сонымен қатар, сұраныс жоғары бағыттарда, оның ішінде Talgo пойызы қатынайтын Алакөл бағыты бойынша тіркемелі вагондар саны көбейтіледі.
Кеңесте халықаралық теміржол туризмін дамыту мәселесі де қаралды. 2024 жылғы қарашадан бері туристік пойыздармен 2 мыңнан астам жолаушы тасымалданған. 2026 жылы Қазақстан – Өзбекстан – Тәжікстан бағыттары бойынша «KeruenExpress» және «Jibek Joly» халықаралық туристік пойыздары іске қосылды. Бұл пойыздар отандық өндірістегі жаңа вагондардан жасақталып, экскурсиялық бағдарламалар, трансфер және тамақтану қызметтерімен қамтылған.
Сонымен қатар, Қытай тарапымен Сиань – Алматы бағыты бойынша тұрақты туристік пойыз ашу жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Туроператорлар Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық маршрутқа Қырғыз Республикасын (Бішкек қаласы) қамтитын туристік пойызды іске қосуды ұсынды.
«Бүгінде «Атамекен» ҰКП туризм саласы мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Осы бірлескен жұмыстың нәтижесінде халықаралық «Jibek Zholy» туристік пойызы іске қосылып, Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік беріп отыр», – дейді «Қазақстан туризм индустриясы» республикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы Мунирам Ахметова.

Бүгінде теміржол билеттерінің 91%-ы онлайн форматта сатылуда. Сонымен қатар, бос орындар пайда болған жағдайда жолаушыларға автоматты түрде хабарлама жіберетін «Күту парағы» сервисі жұмыс істейді. Туроператорлар үшін коммерциялық пойыздарға 180 тәулік бұрын орын брондау мүмкіндігі сақталған.
«Кеңес туристік бизнес пен ҚТЖ арасындағы тиімді диалогтың бар екенін көрсетіп отыр. Туроператорлар көтерген негізгі мәселелер назарға алынып, оларды шешу бойынша нақты жұмыстар басталды. Бұл жазғы туристік маусымда жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан туроператорлары қауымдастығының президенті Инна Рей.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар «Атамекен» ҰКП-ның жүйелі жұмысы мемлекет, ұлттық тасымалдаушы және туристік бизнес арасында тиімді кері байланыс пен сындарлы диалог орнатуға зор мүмкіндік бергенін атап өтті.