«Атамекен» ҰКП, БҰҰ Арнайы баяндамашысы және Qarmet тұрақты даму, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен әлеуметтік өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

14.05.2026
«Атамекен» ҰКП, БҰҰ Арнайы баяндамашысы және Qarmet тұрақты даму, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен әлеуметтік өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады

«Атамекен» ҰКП алаңында Қазақстан Республикасына алғаш ресми сапарымен келген БҰҰ-ның даму құқығы мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашысы Сурья Девамен кездесу өтті.

Кездесуді аша отырып, «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин Палата үшжақты өзара іс-қимыл жүйесінің толыққанды қатысушысы және кәсіпкерлік қызметті құқықтық және әкімшілік реттеуді жетілдіру мәселелерінде бизнес мүддесін білдіретін негізгі өкіл екендігін атап өтті. Оның айтуынша, Палата мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы диалогты дәйекті түрде құрып, кәсіпкерлер қоғамдастығының жүйелі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді талқылауға қатысуын қамтамасыз етіп келеді.

Кездесу барысында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ірі бизнестің рөліне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, еншілес кәсіпорындарын қосқанда 35 мыңнан астам адам еңбек ететін Qarmet компаниясының тәжірибесі жайында сөз қозғалды. Компания өзі жұмыс істейтін өңірлерде әлеуметтік жобаларды іске асырып, инфрақұрылымды, білім беруді, спорт пен мәдениетті дамытуға атсалысуда.

Аслан Қалиғазин Qarmet-тің тұрақты даму қағидаттарын енгізу, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және адам құқығын сақтау жөніндегі сәтті тәжірибесі Қазақстан үшін жалғыз мысал емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі және басқа да салалардағы көптеген отандық компания ESG қағидаттарын корпоративтік басқару мен өндірістік үдерістерге интеграциялап үлгерген әрі шығарындыларды азайту, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті арттыру, энергия тиімділігі мен декарбонизация бағдарламаларын іске асырып, тиісті көрсеткіштерді өздерінің ұзақмерзімді даму стратегияларына қосуда.

Изображение

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП бизнестің тұрақты даму мәселелеріне және отандық кәсіпорындардың заманауи халықаралық талаптарға бейімделуіне жағдай жасауға баса назар аударатыны айтылды. 2023 жылдан бастап Палата жанында Тұрақты даму және ESG жөніндегі кеңес, сондай-ақ Экология және тұрақты даму департаменті жұмыс істейді. Олардың қызметі бизнес, мемлекет және халықаралық серіктестер арасындағы сындарлы диалогты дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның жеке секторының тұрақты трансформациясын қолдау тетіктерін әзірлеуге бағытталған.

БҰҰ-ның Арнайы баяндамашысы Сурья Дева өз кезегінде миссия аясында мемлекеттің даму құқығын ілгерілету, қорғау және іске асыру жөніндегі күш-жігеріне кешенді бағалау жүргізіп жатқанын, бұған қоса Қазақстанның ұлттық деңгейдегі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі жетістіктерін зерттеуде. Оның айтуынша, даму құқығын қамтамасыз етудің заңнамалық және институционалдық тетіктерін талдауға, әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерді іске асыру мәселелеріне, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылына, сондай-ақ тұрақты даму саласындағы қазіргі сын-қатерлер мен шектеулерге ерекше назар аударылды.

Изображение

Кездесу барысында «Qarmet» АҚ компаниясының Тұрақты даму жөніндегі Басқарушы директоры Ербол Исмаилов кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан өндірісті жаңғырту, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұрақты даму мен өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаттарын енгізу бағытындағы ауқымды бағдарлама туралы айтты.

«Qarmet» компаниясы 2030 жылға қарай 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір және 5 млн тонна темір кені концентратын өндіру көлеміне қол жеткізуді көздейтін «5-9-5» ұзақмерзімді инвестициялық бағдарламасын іске асырып жатқаны атап өтілді. Өндірісті жаңғырту бағдарламасына салынатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 3,5 млрд АҚШ долларын құрайды.

Изображение

Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және өндірістік медицина жүйесін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өндірістік медицинаны жаңғырту бағдарламасының алғашқы кезеңінде ғана «Qarmet» шамамен 3 млрд теңге инвестиция салғаны айтылды. Қаражат медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, клиникалық-диагностикалық орталықты қалпына келтіруге, медициналық нысандарды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға және қызметкерлерді медициналық сүйемелдеудің жеке жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ компанияның өндірістік нысандарын газдандыру жобасының іске асырылуы туралы ақпарат ұсынылды. Жоба аясында ұзындығы 27 шақырым газ құбыры салынған. Бұл экологиялық жүктемені азайту, өндірістің энергия тиімділігін арттыру және кәсіпорынның экологиялық күн тәртібін іске асыру жолындағы маңызды кезең ретінде бағаланды.

Кездесу аясында «Жақтау» металлургтер кәсіподағының төрағасы Виктор Щетинин мен «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев сөз сөйледі.

Өз баяндамаларында кәсіподақ өкілдері жұмыс беруші мен еңбек ұжымдары арасындағы тұрақты әлеуметтік диалогтың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар «Qarmet» компаниясында еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан бұрын-соңды болмаған шараларға, өндірістік техника мен жабдықтарды ауқымды жаңартуға, сондай-ақ компания кәсіпорындарын жүйелі жаңғыртуға ерекше назар аударылды.

Изображение

Кәсіподақ жетекшілері қызметкерлер мен жұмыс берушінің өзара құқықтары, міндеттері мен әлеуметтік кепілдіктерін бекітетін Ұжымдық шарттың маңыздылығын ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, бұл құжат ұзақмерзімді әлеуметтік тұрақтылық пен серіктестіктің берік негізін қалыптастырады.

Сондай-ақ кәсіподақтар жұмыс берушімен тұрақты өзара іс-қимылды еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қызметкерлердің мүдделерін қорғауға және кәсіпорындардың тұрақты дамуына бағытталған тиімді әлеуметтік әріптестіктің негізгі элементі ретінде қарастыратыны айтылды.

Кездесуге қатысушылар тұрақты даму, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, мемлекет, бизнес және кәсіподақтар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы кәсіпкерлік қоғамдастықтың рөлін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты өнеркәсіптік даму, бизнесті жауапты жүргізу және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.

«Атамекен» ҰКП өкілдері Палата бизнесті қолдау, кәсіпкерлік қоғамдастықтың мүддесін ілгерілету және отандық кәсіпорындардың тұрақты бәсекеге қабілетті дамуына жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

Изображение