Қарағандыда бизнес өндірістік бақылау жүйесіндегі қиындықтарды көтерді
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында өндірістік бақылауды ұйымдастыру және e-sen.kz цифрлық платформасымен жұмыс істеу барысында туындайтын мәселелер талқыланды.
Семинар Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп өтті. Онлайн форматтағы кездесуге бизнес өкілдері, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Палатаның аудандық филиалдарының мамандары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі есептілік тапсыру кезіндегі әкімшілік жүктеме болды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бизнес зертханалық хаттамалардың үлкен көлемін жүйеге қолмен енгізуге мәжбүр.
«Бізде шамамен 200-ге жуық хаттама бар. Оның барлығын қолмен жүктеуге тура келеді. Сонымен қатар жүйеде зерттеу жүргізетін зертханалармен автоматты интеграция қарастырылмаған», — деді өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірінің өкілі.
Кәсіпкерлер палатасында бұл мәселенің жүйелі сипатқа ие екені айтылды.
«Бұл мәселе тек өнеркәсіп саласына ғана емес, азық-түлік өнімдеріне де қатысты. Біз бизнес үшін бұл үлкен әкімшілік жүктеме екенін түсінеміз. Аталған мәселе жүйелі түрде қаралуы үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жолданады», — деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Азамат Даненбаев.
Талқылаудың тағы бір бағыты шахталардағы жерасты жағдайында жүргізілетін зертханалық өлшемдер болды. Кәсіпорын өкілдері кейбір зертханаларда қажетті құрал-жабдықтардың болмауына байланысты бірқатар өлшемдерді жүргізу мүмкін еместігін айтты.
«Санитариялық қағидаларға сәйкес жерасты жағдайында шу, діріл, ауа сапасы секілді өлшемдер жүргізілуі тиіс. Алайда іс жүзінде барлық зертханалардың мұндай зерттеулерді жүргізуге техникалық мүмкіндігі бола бермейді», — деп түсіндірді санитариялық қағидалар жөніндегі сарапшы Наталья Селиванова.
Сонымен қатар кәсіпкерлер e-sen.kz порталында тіркелу және жүйемен жұмыс істеу кезінде техникалық қиындықтар бар екенін жеткізді.
«Жүйеге тіркелу, кіру және порталдың жұмыс істеуіне қатысты сұрақтар бар. Кәсіпкерлерге түсінікті интерфейс пен жедел техникалық қолдау қажет», — деді кездесуге қатысушылар.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері өндірістік бақылау эпидемиологиялық маңызы бар нысандарда жұмыс істейтін барлық бизнес субъектілері үшін міндетті екенін еске салды.
«Өндірістік бақылау бойынша есептілік жылына екі рет — 5 қаңтарға және 5 шілдеге дейін тапсырылады. Негізгі нормативтік құжат — ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №62 бұйрығы», — деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Нияз Алсейтов.
Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлер көтерген мәселелер жүйеленіп, Денсаулық сақтау министрлігі мен тиісті уәкілетті органдарға жолданатын болды. Палата өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат — бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, өндірістік бақылау рәсімдерін жеңілдету.