Санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы тың тәсілдер

15.05.2026
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы тың тәсілдер

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілдеріне арналған кеңейтілген жұмыс кеңесі өтті. Іс-шараға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, салалық мемлекеттік органдар, кәсіпкерлік қауымдастықтар және бизнес өкілдері қатысты.

Кеңесте санитариялық-эпидемиологиялық саланы реттеудегі жаңартылған нормативтік тәсілдер, «таза парақтан» реттеу қағидаты, бақылау мен қадағалаудың жаңа құралдары, сондай-ақ тамақтандыру, медициналық көмек көрсету, білім беру, тәрбие беру және балаларды сауықтыру бағыттары бойынша мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын нысандарға қатысты ерекше мемлекеттік бақылау тетіктері жан-жақты қарастырылды.

Изображение

Атап айтқанда, кәсіпкерлік кодекс пен денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер шеңберінде:

·        бақылау сатып алуды жүргізу тәртібі;

·        санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру рәсімдері;

·        жедел ден қою шараларын қолдану тетіктері;

·        профилактикалық бақылаудың жаңа форматтары;

·        жоғары тәуекелді объектілерге қатысты ерекше бақылау режимі талқыланды.

Сонымен қатар балаларды тамақтандыру, орналастыру, медициналық көмек көрсету, оқыту, тәрбиелеу және сауықтыру бағыттары бойынша мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын нысандарға қойылатын арнайы талаптар мен оларды бақылау тетіктері назарға алынды.

Кеңестің негізгі бөлігінде кәсіпкерлердің мемлекеттік бақылау мен қадағалау шараларына қатысты өтініштері мен шағымдарын жедел қарауға арналған оперативті штаб (немесе арнайы бөлімше) құру мәселесі қаралды. Ұсынысқа сәйкес, мұндай штабты Атамекен ҰКП алаңында немесе салалық форматта Палата өкілдерінің қатысуымен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жанынан құру мүмкіндігі қарастырылуда.

 «Атамекен» ҰКП бұл бастаманы бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретін маңызды құрал ретінде бағалап, оның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік рәсімдердің ашықтығын арттыру және даулы мәселелерді жедел шешу үшін тиімді тетік болатынын атап өтті.

Изображение

«Бақылау жүйесінің тиімділігі тек талаптардың қатаңдығымен емес, оның ашықтығы, болжамдылығы және жедел әрекет ету қабілетімен өлшенеді. Кәсіпкерлердің шағымдары мен өтініштерін дер кезінде қарап, шешім қабылдайтын орталықтандырылған штаб құру – осы бағыттағы нақты әрі қажет қадам. Бұл бизнеске сенімділік беріп қана қоймай, бақылау органдарының жұмысын да жүйелейді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев.

Кеңес барысында қатысушылар бақылау жүйесінде енгізіліп жатқан жаңа құралдардың тәуекелге негізделген тәсілді күшейтетінін, алайда оның тиімділігі бизнес тарапымен тұрақты диалог және кері байланыс болған жағдайда ғана арта түсетінін атап өтті.

Жиын қорытындысында қатысушылар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы реформаларды бизнес өкілдерімен бірлесе іске асыру, әкімшілік жүктемені төмендету және кәсіпкерлік қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмысты жалғастыруға уағдаласты.