ШҚО жүк тасымалдаушылары ЕСУТҚ жаңа жүйесіне байланысты рейстердің бұзылуынан қауіптенеді

15.05.2026
ШҚО жүк тасымалдаушылары ЕСУТҚ жаңа жүйесіне байланысты рейстердің бұзылуынан қауіптенеді

Шығыс Қазақстан облысында жүк тасымалдаушылар Жүк тасымалдау құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде (ЕСУТҚ) жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын міндетті тіркеудің қайта енгізілуіне байланысты тасымалдардың тоқтап қалу және айыппұл санкцияларына ұшырау қаупі бар екенін мәлімдеуде. Бұл мәселе бизнес өкілдерінің Көліктік бақылау инспекциясы, салалық комитет және жүйені әзірлеушілермен кездесуі барысында ШҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланды.

Талқылау құқық қолдану тәжірибесі мен заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты көздейтін «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы жұмыстар шеңберінде өтті.

Еске салсақ, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап салмағы 3,5 тоннадан асатын автокөліктермен жүк тасымалын жүзеге асыратын нарық қатысушылары үшін жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын (ТТЖ) ЕСУТҚ жүйесінде тіркеу міндетті болады. Алайда кәсіпкерлердің пікірінше, жүйе әзірге саланың нақты жұмыс жағдайына дайын емес.

Тасымалдаушылардың айтуынша, басты мәселелердің бірі – алдын ала рәсімделген тауар-көлік жүкқұжатынсыз жол парағын жасау мүмкін еместігі. Ал іс жүзінде логистика барысында маршрут пен жүк көлемі жол үстінде өзгеруі мүмкін.

Кәсіпкерлер нақты мысалдар келтірді.

«Егер жүргізуші жол бойында қосымша жүк тиеп алса, жүйе ТТЖ-ға өзгеріс енгізуге мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан тасымалдаушы не талаптарды бұзуға, не кері бағытта бос қайтуға мәжбүр болады. Бұл тікелей шығынға әкеледі», – дейді бизнес өкілдері.

Тағы бір даулы мәселе – жеке тұлғаларға ТТЖ рәсімдеу мүмкіндігінің жоқтығы. Мысалы, жеке сатып алушы құм, қиыршық тас немесе басқа да сусымалы материал сатып алған жағдайда, жүйе құжатты дұрыс рәсімдеуге мүмкіндік бермейді.

Міндетті жолдарды толтыру кезінде де сұрақтар туындауда. Тасымалдаушылардың айтуынша, жүйе тек көлемімен немесе салмағымен өлшенетін сусымалы жүктер үшін де ұзындығы, ені мен биіктігін көрсетуді талап етеді. Бұл жолдар толтырылмаса, жүйе құжаттарды өткізбейді.

 Сонымен қатар кәсіпкерлер жүктеме тек тасымалдаушыларға ғана түспейтінін айтады. Жүйеде жүргізушілер, медицина қызметкерлері, жүк жөнелтушілер мен жүк қабылдаушылар да жұмыс істеп, мәліметтерді электронды форматта растауы тиіс.

Жол бойындағы байланыс мәселесі де алаңдаушылық тудырып отыр. Жүргізушілер жүк туралы толық ақпарат қамтылған QR-кодты көрсетуі қажет болады. Алайда елдің бірқатар аймақтарында тұрақты интернет байланысы жоқ, бұл трассадағы тексерулер кезінде қосымша қиындықтар туғызуы мүмкін.

Дегенмен Көліктік бақылау инспекциясы, Автомобиль көлігі комитеті және жүйені әзірлеушілер ЕСУТҚ жүйесін жетілдіру қажеттігін мойындап, бизнес ұсыныстарын қарастыруға дайын екендерін білдірді.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханованың айтуынша, Палата кәсіпкерлер көтерген мәселелерді қолдайды және бизнес ұсыныстарын республикалық деңгейде ілгерілетуге дайын.

«Кәсіпкерлер тарапынан жүйенің жұмысына қатысты орынды ескертулер бар. Барлық ұсыныстар жинақталып, уәкілетті органдарға жолданады. Кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдауға және жүк тасымалдаушылардың нақты жұмыс жағдайын ескеретіндей етіп, жүйенің функционалы мен қолданыстағы Қағидаларға өзгерістер енгізу бастамасын көтеруге дайын», – деді Айжан Жангирханова.

Енді тасымалдаушыларға жүйені жетілдіру бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін шұғыл түрде жолдау ұсынылды. Өз кезегінде кәсіпкерлер жүйе толық сынақтан өтіп, нарықтың нақты жағдайына бейімделгенге дейін әкімшілік жауапкершілік шараларын қолданбайтын өтпелі кезең енгізуді талап етуде.

Сондай-ақ бизнес өкілдері тасымал басталғаннан кейін тауар-көлік жүкқұжаттарына түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін уақытша аралық қарастыруды сұрап отыр. Бұл айыппұлдар мен жеткізілімдердің үзілуін болдырмауға мүмкіндік береді.