АӨК салалық кеңесінде ветеринариялық заңнамадағы өзекті мәселелер қаралды

18.05.2026
АӨК салалық кеңесінде ветеринариялық заңнамадағы өзекті мәселелер қаралды

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешен салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында бизнес өкілдері, бейінді мемлекеттік органдар мен сарапшылар өңірдегі фермерлер мен аграрлық сектор үшін маңызды мәселелерді талқылады. Отырысты «Ділдә» шаруа қожалығының басшысы Жұмабике Жұмалиева жүргізді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі ветеринариялық препараттарға салық салу тәртібінің өзгеруі болды. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ветеринариялық құралдарды өткізу мен импорттауға қатысты ҚҚС-тан босату алынып тасталды. Бұған дейін бұл жеңілдік Салық кодексінде көзделген болса, жаңа редакцияда аталған норма сақталмаған. Нәтижесінде ветеринариялық препараттар жалпыға бірдей тәртіппен салық салуға жатқызылды.

Кеңес қатысушыларының пікірінше, бұл ветеринариялық препараттардың айтарлықтай қымбаттауына және фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша қаржылық жүктеме түсуіне әкелуі мүмкін.

Аталған мәселе бойынша салық салу жөніндегі шақырылған сарапшы Жанар Қожабаева баяндама жасады. Талқылау барысында қатысушылар ТН ВЭД-тің 3000 тобы кодтарына жататын ветеринариялық препараттарға ҚҚС қолдану мәселесіндегі құқықтық айқынсыздықты жою қажеттігін атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша Салалық кеңес Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын ветеринариялық вакциналар мен өзге де препараттарға жалпы 16% мөлшерлеменің орнына 5% төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесін қолдану мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жолдауды ұсынды.

Кеңес мүшелерінің айтуынша, бұл шара ветеринариялық препараттардың қымбаттауын тежеуге, аграршыларға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға және саланың дамуына төнетін тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.

Изображение

Күн тәртібіндегі екінші мәселе Қазақстан Республикасының ветеринариялық заңнамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға арналды. Қатысушылар ветеринариялық ілеспе құжаттарды рәсімдеу және ветеринариялық бақылаудан өту кезінде кәсіпкерлер кездесетін практикалық қиындықтарды талқылады.

Атап айтқанда, бизнес электрондық ақпараттық жүйелерде техникалық ақаулар туындаған жағдайда құжаттарды рәсімдеудің баламалы тетігінің жоқтығын көтерді. Осыған байланысты Салалық кеңес ветеринариялық ілеспе құжаттарды — №1 және №2 нысандарын — қағаз түрінде немесе өзге де баламалы тәсілмен резервтік рәсімдеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Тағы бір маңызды мәселе — жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді мемлекеттік шекара арқылы тасымалдау кезінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болды. Кеңес Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерінде карантиндік алаңдар құру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Отырыс қатысушыларының пікірінше, бұл ветеринариялық бақылаудың тиімділігін арттыруға, инфекция жұқтырған малдың әкелінуіне жол бермеуге және жануарлардың қауіпті ауруларының таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Әсіресе, мал импорты мен тасымалына шектеулер енгізілген кезеңдерде бұл мәселенің маңызы зор.

Кәсіпкерлер палатасында отырыс қорытындысы бойынша әзірленген барлық ұсыныстар әрі қарай республикалық деңгейде қарастыру үшін «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына жолданатыны атап өтілді.

Изображение