Hilong компаниялар тобы өкілдерімен бизнес кездесу өтті
2026 жылғы 18 мамырда Ақтау қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында Hilong компаниялар тобы өкілдерінің қатысуымен бизнес-кездесу өтті. Іс-шарада мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық перспективалары мен өндірісті жергіліктендіру мәселелері талқыланды.
Кездесуге Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Аққу Айтжанова, сондай-ақ «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «КМГ Инжиниринг» және өңірдегі басқа да кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында Hilong компаниялар тобының бас директоры Чжан Цзиньшэн сөз сөйлеп, компания қызметінің негізгі бағыттары мен халықаралық тәжірибесіне тоқталды. Сонымен қатар қатысушыларға Hilong компаниясының өнімдері мен заманауи қорғаныш жабындары таныстырылды.
Презентация барысында Hilong қорғаныш жабындарының мұнай-газ саласында сорғы-компрессорлық, бұрғылау және магистральдық құбырларды коррозиядан, механикалық тозудан, тұз және парафин шөгінділерінен қорғауда кеңінен қолданылатығы айтылды. Компания өкілдерінің мәліметінше, аталған технология құбырлардың қызмет ету мерзімін кемінде үш есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу аясында қатысушылар Hilong компаниясының қызметімен толығырақ танысып, кейінгі ынтымақтастық мүмкіндіктері мен Маңғыстау облысында қорғаныш жабындарын өндіру зауытын жергіліктендіру жобасын талқылады.
Тараптар мұнай-газ саласындағы жаңа технологияларды енгізу, тәжірибе алмасу және өңірлік өндірісті дамыту бағытындағы өзара тиімді әріптестікті нығайтуға қызығушылық білдірді.