Ақтөбелік өндірушілер ауруханалар мен мектептермен тікелей әріптестікті күшейтуде
Ақтөбеде жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындарға өндірістік тур ұйымдастырылды. Оған денсаулық сақтау, білім беру саласының өкілдері, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық қатысып, өңірлік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өнім жеткізу және әріптестік мәселелерін талқылады.
Өндірістік турды Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға облыстық және қалалық білім бөлімдерінің, колледждердің, мектептердің, медициналық мекемелердің және ведомстволық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты — жергілікті өндірушілер мен әлеуетті тапсырыс берушілер арасында тікелей байланыс орнату, өңір кәсіпорындарының нақты өндірістік мүмкіндіктерін көрсету және ынтымақтастық бағыттарын талқылау.
Қатысушылар Ақтөбедегі түрлі бағытта жұмыс істейтін бірнеше кәсіпорынның өндіріс орындарын аралады.

Солардың бірі — «ПОЛИВЕСТ» брендімен полиэтилен өнімдерін шығаратын «Техноскаут» ЖШС. Компания 2008 жылдан бері жұмыс істейді және ай сайын 100 тоннадан астам полимер шикізатын өңдейді.

Кәсіпорын қаптама өнімдерін, фасовкалық пакеттерді, биоыдырайтын өнімдерді, медициналық қалдықтарға арналған арнайы қаптарды шығарады. Сонымен қатар тапсырыс берушілердің логотиптерін басып шығару қызметін де ұсынады.

«Экодэз» ЖШС дезинфекциялық құралдар өндірісін таныстырды. Бүгінде кәсіпорын құрамында хлоры бар өнімдерден бастап сабын мен сулықтарға дейін 12 түрлі өнім шығарады. Компания өнімдерінің негізгі тұтынушылары — білім беру және денсаулық сақтау мекемелері.

Сондай-ақ қатысушылар ANOSAN сауда белгісімен спиртсіз дезинфекциялық құралдар мен тері антисептиктерін өндіретін «Экобиомед Қазақстан» ЖШС-нің, арнайы киім тігумен айналысатын «Ортус А» ЖШС-нің және мектептер мен кеңселерге арналған металл жиһаз шығаратын «Сталлит» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Өндіріс орындарын аралау барысында мектеп, колледж және аурухана өкілдері өндірістік процестерді, кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын, өнім түрлерін және сапа стандарттарын көрді. Мұндай формат тапсырыс берушілерге өніммен ғана емес, өндірушілердің нақты мүмкіндіктерімен де танысуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп салалық кеңесінің төрағасы Надежда Шабаеваның айтуынша, өндірістік турлар бүгінде жергілікті бизнесті қолдаудың тиімді тетігіне айналып отыр.
«Тапсырыс берушілер дайын өнімді ғана емес, өндірістің өзін, кәсіпорындардың жабдықталу деңгейін және нақты мүмкіндіктерін көруі маңызды. Осындай кездесулер сапалы өнім тек өңірден тыс жерде өндіріледі деген стереотиптерді жоюға көмектеседі. Бүгінде ақтөбелік кәсіпорындар мемлекеттік ұйымдардың сұранысын сапалы деңгейде қамтамасыз етуге дайын», — деді Надежда Шабаева.

Оның айтуынша, отандық өндірушілерді қолдау өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің артуына тікелей әсер етеді.
Өндірістік турға сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко, ӨКП инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұрлан Қусаев және кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Меруерт Космамбетова қатысты.
Владимир Сухорученко мұндай кездесулерді тұрақты өткізу тәжірибесін жалғастыру маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнес пен мемлекеттік ұйымдар арасындағы тікелей байланыс ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында қатысушылар әріптестікті одан әрі дамытуға және түрлі салалардағы кәсіпорындардың қатысуымен өндірістік турларды жалғастыруға қызығушылық білдірді.