Маңғыстауда еңбек нарығына қажетті мамандар даярланбақ
Ақтау қаласында «Ақтау – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» сертификаттау орталығы» ЖШС өз жұмысын бастады.
Орталықтың ашылуына Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Палата өңірдің еңбек нарығындағы қажеттіліктерді ескере отырып, орталықтың жұмыс бағытын қалыптастыруға белсенді үлес қосты.
Салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ақиқат Абдуллаұлы және Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ер-Әділ Рахатұлы қатысып, жұмыс бағытымен танысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Аталған сертификаттау орталығы – Маңғыстау облысындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және сертификаттау бағыты бойынша ашылған алғашқы мамандандырылған оқу орталықтарының бірі. Басты мақсаты – өңірге қажетті білікті мамандар даярлау, кәсіби құзыреттерді дамыту және еңбек нарығының сұранысына сай кадрлар қалыптастыру.
Оқу орталығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, техникалық және қызмет көрсету салалары бойынша мамандарды оқыту, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және сертификаттау жұмыстарын жүзеге асырады. Бұл өз кезегінде жастар мен жұмыс іздеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді.
Жаңа орталықтың жұмысы Маңғыстау өңіріндегі адами капиталды дамытуға және кәсіпкерлік ортаға қажетті білікті кадрларды даярлауға өз үлесін қосады деп күтілуде. Ма56сы