Маңғыстауда өңір кәсіпкерлеріне республикалық конкурстардың шарттары түсіндірілді
Бүгін Ақтауда Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесі және «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсына қатысу шарттарын түсіндіруге арналған семинар өтті.
Іс-шараға өңір кәсіпкерлері, салалық сарапшылар, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері қатысты. Семинар барысында қатысушыларға байқаулардың негізгі талаптары, өтінім беру тәртібі, бағалау кезеңдері және жаңа номинациялар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтжанова Аққу Тұрашқызы өз сөзінде аталған конкурстар кәсіпорындардың сапа менеджментін жетілдіруге, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.
Семинарға мұнай-газ, құрылыс, медицина, тамақ өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларындағы кәсіпорын өкілдері қатысты. Олардың қатарында «OSS-Kazakhstan», «Маңғыстаумұнайгаз», «ARCHIMED» медициналық орталығы, «Берекет-Ф», «Жаңаөзен сүт зауыты», «A&B TECHNOLOGY», «Kazakh Osseter» және өзге де кәсіпорындар бар.
Кездесу барысында сарапшылар конкурсқа құжат тапсыру талаптарын түсіндіріп, сапа менеджменті жүйесін енгізудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап «Алтын сапа» конкурсына «Цифрлық даму саласындағы үздік жоба» атты жаңа арнайы номинация енгізілгені айтылды.
Сондай-ақ, семинарда «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсы туралы да ақпарат берілді. Аталған конкурс кәсіпорындардың қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және қоғамның әл-ауқатын арттыру бағытындағы үздік тәжірибелерін насихаттауға бағытталған. Конкурс аясында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» және «Экологияға қосқан үлесі үшін үздік кәсіпорын» номинациялары қарастырылған.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Парыз» конкурсына өтінім қабылдау 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін, ал «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесіне өтінім қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады.