Финалист ОСОП жобасының қатысушысы Алматыда жеке дүкенін ашты
Алматы қаласында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 2025 жылғы финалисі, «Alvara» ЖК иесі Алёна Ахтямованың жеке сауда нүктесінің ашылуы өтті.
Кәсіпорын құс етінен ысталған өнімдер өндірумен айналысады. Бүгінде өндірісте 12 адам еңбек етеді, ал бренд нарықтағы орнын кеңейтіп, белсенді дамуын жалғастыруда.
Сауда нүктесінің ашылуы аясында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» өкілдері кәсіпкерге арнайы барып, маңызды оқиғамен құттықтап, Палата директоры Шыңғысхан Мамановтың атынан алғыс хат табыстады.
Алғыс хатта кәсіпкердің отандық бизнесті дамытуға қосқан үлесі атап өтіліп, алдағы уақытта тұрақты даму, табыс және жаңа белестерді бағындыру тілектері білдірілген.
Айта кетейік, Алёна Ахтямова 2025 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисі атанып, 5 миллион теңге көлемінде грант иегері болды. Бүгінде бағдарламаға қатысудың нақты нәтижесін көруге болады – жеке сауда нүктесінің ашылуы және жергілікті брендтің дамуы.
«ОСОП жобасына қатысқан кезде бұл мен үшін жай ғана көрмеге қатысу емес еді. Бұл өз өнімімді таныстырып, қолдау алып, кәсібіміздің әрі қарай өсетініне сенуге мүмкіндік болды», – дейді кәсіпкер.
Алёна Ахтямованың айтуынша, жоба оның танымал болуына, бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер алуына және жаңа деңгейге шығуына көмектескен.
«Маған көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін “Атамекен” Кәсіпкерлер палатасына өте ризамын. Кәсіпкер үшін өзіне сенім артылып, алға жылжуға қолдау көрсетілгенін сезіну өте маңызды», – деп атап өтті ол.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасында мұндай мысалдар «Бір ауыл – бір өнім» жобасының тиімділігін дәлелдейтінін атап өтті.
«ОСОП жобасының басты мақсаты – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, өңірлік брендтерді дамыту және жаңа есімдерді нарыққа шығару. “Alvara” ЖК тарихы жобаның кәсіпкерлерге өз ісін кеңейтіп, тұрақты бизнес құруға шын мәнінде көмектесетінін көрсетеді», – деп атап өтті Палатада.
Еске салсақ, қазіргі таңда Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» «Бір ауыл – бір өнім» конкурс-көрмесіне қатысуға өтінім қабылдауды жалғастыруда. Жобаға Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендердің тауар өндірушілері қатыса алады.
Өнімдерді іріктеу кезінде бірнеше критерий ескеріледі:
▪️ жергілікті шикізатты пайдалану;
▪️ қарапайым құралдар мен тетіктерді қолдану;
▪️ өнімде өңірлік ерекшеліктің көрініс табуы.
ОСОП жобасы шағын бизнесті қолдаудың тиімді алаңдарының бірі ретінде кәсіпкерлерге өздерін танытып қана қоймай, кәсібін танымал брендке айналдыруға мүмкіндік беріп келеді.