Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезінде ЭШФ жазу қажет пе: ШҚО бизнесіне арналған сарапшылар жауабы
«Бизнес және салықтар» жобасы кезекті рет Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлері арасында жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Кезекті тікелей эфир алдын ала нақты тақырып жарияланбай, ашық форматта өтті. Бұл бизнес қауымдастығына салық заңнамасы мен кәсіпкерлік қызметті жүргізудің түрлі бағыттары бойынша өзекті әрі толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлер салық салу, есептілік, арнайы салық режимдерін қолдану, сондай-ақ электрондық сервистермен жұмыс істеудің практикалық мәселелеріне белсенді қызығушылық танытты. Барлық сауалдарға ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова жан-жақты әрі толық жауап берді.
Ең өзекті мәселелердің бірі электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) рәсімдеу тақырыбы болды. Кәсіпкерлерді жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін және ҚҚС төлеушісі болып табылмайтын салық төлеуші сатып алушымен қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезінде электрондық шот-фактура жазуға міндетті ме деген сұрақ қызықтырды.
Түсіндірілгендей, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 208-бабына сәйкес ЭШФ жазу міндеті тек жекелеген салық төлеушілер санатына қатысты туындайды. Егер ҚҚС төлеушісі болып табылмайтын тұлға Салық кодексінің 208-бабы 1-тармағының 1–7 және 11-тармақшаларында көзделген санаттарға жататын болса, онда банктік шот арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезінде ЭШФ рәсімдеу міндетті болып табылады. Сонымен қатар, бірқатар жағдайларда бақылау-кассалық машиналар немесе арнайы мобильді қосымшалар арқылы есеп айырысу кезінде шот-фактура рәсімдеу талап етілмейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай ашық эфир форматы кәсіпкерлерді іс жүзінде алаңдатып отырған мәселелерді жедел көтеруге мүмкіндік береді.
«Тікелей эфир барысында түрлі бағыттар бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Біз бизнестің түсінікті әрі практикалық түсіндірулерге қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан ең өзекті сұрақтар мен жауаптарды кәсіпкерлердің кейінгі жұмысында ыңғайлы пайдалану үшін жеке материалдар түрінде қосымша жариялайтын боламыз», – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.