Ерқанат Әбенов Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры қызметін аяқтады
Ерқанат Қайратұлы бұл лауазымды екі жыл тоғыз ай атқарды. Өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы жұмысы барысында Е.Қ. Әбенов шағын бизнестен бастап ірі кәсіпорындарға дейінгі кәсіпкерліктің өңірде жайлы әрі қауіпсіз дамуына көп еңбек сіңірді.
Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында экономиканың нақты секторындағы мыңдаған өкіл консультациялар, кәсіби дайындалған бизнес-жоспарлар және өзге де қызметтер алды.
Осы кезеңде қорғалған кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерінің сомасы 2 миллиард 798 миллион теңгеден асты. Бизнестің құқықтарын қорғау бағыты бойынша Палата қызметкерлері 141 өтінішті қарап, 25 сот отырысына қатысты.
2024 жылғы көктемгі су тасқынынан кейінгі күрделі кезеңде, кәсіпкерлік субъектілері мен ел тұрғындары зардап шеккен уақытта, Палата кәсіпкерлермен бірлесіп Павлодар Ертіс өңіріне ғана емес, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына да ауқымды қайырымдылық көмек көрсетті.
2023 жылы «Атамекен» палатасы құрғақшылықтан зардап шеккен аграршыларды ресми түрде зардап шегуші ретінде тану үшін барлық мүмкіндікті жасады. Нәтижесінде облыс әкімдігі құрғақшылық салдарын азайту мақсатында фермерлерге елеулі қолдау шараларын көрсетті. Сол кезде жергілікті бюджеттен фермерлердің жем-шөп дайындау шығындарын арзандатуға 3 млрд теңге бөлініп, 1,5 мыңнан астам мал шаруашылығы субъектісі мемлекеттік қолдау алды. Шөп шабу жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Жеңілдетілген баға 232 теңгені құрап, бұл нарықтық бағадан 21 пайызға төмен болды. Шөп дайындау үшін мемлекеттік орман қоры жерлерінен 25 мың гектардан астам қосымша шабындық алқаптар бөлініп, шамамен 20 мың тонна шөп дайындауға мүмкіндік берді. Тұрғындарға қыстақ кезеңінде сату үшін көлемі бес мың тонна болатын жемдік астықтың тұрақтандыру қоры құрылды.
Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен инвестициялық шығындарды, тұқым, пестицидтер, минералды тыңайтқыштар, асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға 6,8 млрд теңге бөлінді. Облыстың 38 шаруашылығы құрғақшылыққа байланысты 1,3 млрд теңге көлемінде сақтандыру төлемдерін алды.
Ерқанат Қайратұлы Әбеновтің басшылығымен өткен толық емес үш жыл ішінде көптеген лайықты есімдер мен жобалар «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз» және «Бір ауыл – бір өнім» байқауларындағы жетістіктері үшін марапатталды. Мәселен, өткен жыл нәтижелі болды. 2025 жылы «Парыз – 2025» арнайы сыйлығының «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясында шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде Павлодар облысы Железин ауданындағы «789KZ» ЖК марапатталды. «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында «Парыз» байқауының марапаты Павлодар облысындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға табысталды. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаздардың қатарында павлодарлық «Айсберг ПВ» кәсіпорны болды.
Е.Қ. Әбеновтің басшылығымен Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындардағы адами капиталды дамытуға да елеулі үлес қосты: Павлодар мен Ақсуда кәсіби құзыреттерді растау бойынша екі орталық ашылды.
Инвесторларды қорғау жұмысы жаңа деңгейге көтерілді — облыс прокурорының өкімімен Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы базасында мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен инвесторларға құқықтық кеңес беру және проблемалық мәселелерді шешуге жәрдем көрсету бойынша «Фронт-офис» құрылды. Өңірлік «Атамекен» палатасы фронт-офистің қызметін тұрақты түрде үйлестіріп, инвесторлармен жедел өзара іс-қимылдың негізгі алаңы ретінде жұмыс атқарды. Әкімшілік кедергілерді жедел анықтау және жою мәселесіне ерекше назар аударылды. Инвесторлардың қатысуымен тұрақты түрде жұмыс кездесулері, отырыстар және көшпелі іс-шаралар өткізіліп, олардың аясында жобаларды іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды. Ерқанат Әбеновтің басшылығы кезінде фронт-офистің 13 отырысы өткізілді.
Бүгінде өңірлік Палата жанында 7 салалық кеңес, 1 салааралық кеңес (154 қатысушы) және құрамында 79 бизнес өкілі бар 10 аудандық кеңес жұмыс істейді.
Тек өткен жылдың өзінде Е.Қ. Әбеновтің кезінде кеңестердің 60-тан астам отырысы өткізіліп, кәсіпкерлікті дамыту, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және жүйелі кедергілерді жоюды қоса алғанда 100-ден астам өзекті мәселе қаралды. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында салалық кеңестердің 11 отырысы өтіп, оның аясында бизнестің проблемалық мәселелерін анықтау және шешу жұмыстары жалғастырылды.
2025 жылдың көктемінде өңірлік «Атамекен» палатасының қызметкерлері облыс әкімдігімен бірлесіп Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Павлодар облысына жұмыс сапары барысында бизнеспен өткізген кездесулерін ұйымдастыруға қатысты.
Осы және өзге де көптеген жұмыстар мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылда ғана емес, өңір басшылығының, ең алдымен Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың белсенді қолдауымен жүзеге асырылды. Асаин Қуандықұлы көптеген жүйелі мәселелерді жеке бақылауында ұстап, өңірлік «Атамекен» палатасына оларды шешуге тікелей қолдау көрсетті.
Кәсіпкерлер палатасының қабырғасында Ерқанат Әбенов директор ретінде жұмыс істеген кезеңде адал еңбекке, бизнеске белсенді қолдау көрсетуге негізделген атмосфера қалыптастырып, әріптестер арасындағы жылы әрі бейресми қарым-қатынастың көптеген дәстүрін енгізді.
Кәсіпкерлер палатасының ұжымы Ерқанат Қайратұлына бірлескен жұмыс, кәсібилік және өңір кәсіпкерлігін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да табыс пен жаңа жетістіктер тілейді.