Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында Иранмен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің сауда атташесі Насрин Пабарджа келді. Кездесу барысында Ақмола облысы мен Иранның бизнес-қоғамдастықтары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Тараптар екіжақты іскерлік байланыстарды дамыту, кәсіпкерлер арасындағы әріптестікті нығайту, сондай-ақ өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын талқылады. Агроөнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі және логистика салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру және жаңа өсу нүктелерін айқындауға өзара қызығушылық білдірілді.
Иран Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы перспективалы серіктестердің бірі болып табылады. Географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық маршруттардың болуы өзара сауда көлемін ұлғайтуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Екі ел кәсіпкерлері арасында бизнес-миссиялар ұйымдастыру, B2B кездесулер өткізу, сұранысқа ие өнімдер мен инвестициялық жобалар туралы ақпарат алмасу мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, Иран нарығына ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін жеткізу мәселелері, сондай-ақ қайта өңдеу және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды», — деп атап өтті Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы тауар айналымы 430,2 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт — 239,3 млн доллар, импорт — 190,9 млн доллар.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара қызығушылық білдірді.