Медицина саласына ҚҚС енгізу: Қазақстандағы бизнес пен мемлекеттік органдар дәрі-дәрмек пен медициналық көмектің қолжетімділігін талқылауда
«Атамекен» ҰКП алаңында ТМККК/МӘМС шеңберінде медициналық және фармацевтикалық өнімдерді өткізу мен импорттау айналымдарына бірыңғай өтпелі ҚҚС мөлшерлемесін енгізу мәселесіне арналған жұмыс кеңесі өтті. Талқылау Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық офис тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде.
Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп ҚҚС мөлшерлемесін 5% немесе 10% деңгейінде белгілеу мәселесін қарастыруда. Фармацевтикалық бизнес қауымдастығы салықтық әкімшілендіруді жеңілдету идеясын қолдайды, десе де реформаны теңгерімді түрде жүзеге асыру қажеттігіне басымдық беруін сұрайды.
Бизнестің ұстанымы: тұрақты 5% мөлшерлеме және тарифтер арқылы өтемақы
Фармацевтика және медицина салаларында ҚҚС-ның күрделі сараланған жүйесі қолданылады: жеңілдіктер, 5% (келесі жылдан бастап 10%) және 16% мөлшерлемелері қатар қолданылады. Бұл есеп жүргізуді қиындатып, кәсіпкерлер үшін қосымша тәуекелдер туғызады.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов фармацевтикалық және медициналық өнімдерге бірыңғай тұрақты ҚҚС мөлшерлемесін 5% деңгейінде бекітіп, кейін оны арттырмау – нарық ұсынысы екенін айтты. Сонымен қатар, бизнес тарапынан қойылған негізгі шарт – міндетті түрде, дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдерге салынатын ҚҚС-ғын ТМККК және МӘМС аясындағы медициналық қызмет тарифтеріне енгізу.
«Салық жүктемесінің өзгеруіне байланысты туындайтын шығындар міндетті түрде тарификатор арқылы медициналық ұйымдарға өтелуі тиіс. Қазір клиникалар шығыстарының шамамен 73%-ы еңбекақы төлеуге жұмсалады. Егер тарифтер тиісті деңгейде қайта қаралмаса, қосымша жүктеме жекеменшік жеткізушілер үшін аса ауыр болады. Нәтижесінде бизнес ТМККК және МӘМС бағдарламаларынан шығу мәселесін қарастыруға мәжбүр болуы мүмкін, бұл жалпы саланың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді», – деді «AlmazMedical Group» және «CITY емханасы» ұйымдарының өкілі Алмаз Жалбыров.
Нарық қатысушылары көптеген мемлекеттік медициналық ұйымдардың қазірдің өзінде кредиторлық берешегі бар екенін еске салды. Сондықтан қаражатты қайтарудың нақты тетігі болмай тұрып жаңа қаржылық міндеттемелер енгізу олардың жағдайын одан әрі күрделендіруі мүмкін.
Қаржыландырудың кешігу тәуекелі және салықтық санкциялар
Медициналық қауымдастықты алаңдатып отырған екінші маңызды мәселе – Медициналық сақтандыру қоры тарапынан төлемдердің уақытылы жүргізілмеуі.
Кеңес барысында медициналық ұйымдарға қаңтар айы үшін төлемдер толық көлемде түспегені, әзірге тек аванстық төлемдер ғана берілгені айтылды. Кей жағдайларда қаржыландырудың кешігуі 3-4 айға дейін созылады.
Егер Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ТМККК/МӘМС шеңберіндегі медициналық қызметтерді ҚҚС салынатын айналымға енгізу жөніндегі ұсыныстары қабылданса, бұл ауруханалар мен емханалар үшін елеулі кассалық алшақтыққа әкелуі мүмкін:
· ҚҚС бойынша бюджет алдындағы салықтық міндеттемелер тұрақты түрде және қатаң белгіленген мерзімдерде туындайды;
· Ал көрсетілген қызметтер үшін МӘМС қорынан төлемдерді медициналық ұйымдар қалыптасқан тәжірибеге сәйкес кешігіп алады.
Соның салдарынан есепті кезеңдер уақытылы жабылмай, Қордан қаражат кеш түссе, клиникалар салық есептілігін дер кезінде тапсырып, ҚҚС төлеуге үлгермейді. Бұл автоматты түрде өсімпұлдардың есептелуіне, салық органдары тарапынан айыппұл санкцияларына, ал ең нашар жағдайда – банк шоттары бойынша операциялардың тоқтатылуына алып келуі мүмкін.
Сала өкілдері егер Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры нақты көрсетілген қызметтер үшін ай сайын әрі уақытылы төлем жасау жүйесіне көшпесе, медициналық ұйымдардың шоттары салық органдары тарапынан бұғатталуы ықтимал екенін ескертті. Мұндай жағдайда клиникалар дәрі-дәрмек сатып алу, қызметкерлердің жалақысын төлеу және күнделікті операциялық қызметті жүргізу мүмкіндігінен айырылып, бұл пациенттерді үздіксіз қабылдау процесіне қауіп төндіреді.
Сарапшылар ЭЫДҰ елдерінің халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттердің шамамен 92%-ы медициналық қызметтерді ҚҚС-тан босататынын немесе жеңілдетілген режимдерді қолданатынын атап өтті. Бұл – аталған саланың жоғары әлеуметтік маңыздылығымен байланысты. Ал еңбекақы шығындарының үлесі 50-70% болатын жағдайда медициналық қызметтерге ҚҚС енгізу, мұндай шығындар есепке жатқызылатын ҚҚС қалыптастырмайтындықтан, іс жүзінде ұйымдардың шығындарына салынатын тікелей салыққа айналады.
Талқылау қорытындысы
Кездесу қорытындысында Тимур Жаркенов денсаулық сақтау саласы үшін ҚҚС бойынша жеңілдікті қайтару ең тиімді шешім болатынын атап өтті. Алайда қазіргі жағдайда оңтайлы нұсқа ретінде мөлшерлемені 5%-дан асырмау ұсынылып отыр. Сонымен қатар тарифтер арқылы қаражатты қайтарудың нақты әрі реттелген тетігін әзірлеу, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры төлемдерінің уақытылы жүргізілуі мәселесін шешу қажет.
Алдағы екі апта ішінде мүдделі мемлекеттік органдар бизнес қауымдастықпен бірлесіп, мәселені Жобалық офис отырысына шығару үшін шоғырландырылған есептеулер дайындауы тиіс.