Құрылыс саласының болашағы: Қарағандыда ғылым, ЖИ және йифрлық технологиялар рөлі талқыланды

21.05.2026
Құрылыс саласының болашағы: Қарағандыда ғылым, ЖИ және йифрлық технологиялар рөлі талқыланды

Қарағандыда «Құрылыс саласындағы ғылым, инновациялар, техникалық реттеу және инжиниринг: цифрлық және интеллектуалды технологиялар, қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік SITREC конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, ғылыми ортаның, құрылыс және жобалау ұйымдарының Қазақстан мен шетелдерден келген өкілдері, сондай-ақ «Атамекен» ҚР ҰКП өкілдері қатысты.

Конференция техника ғылымдарының докторы, «Қазақстан көпсалалы Қайта Құру және даму институтының» (ҚазКҚДИ) ғылыми-зерттеу, сараптамалық және жобалау-іздестіру директоры Жмағұл Нугужиновтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Ол Қазақстандағы құрылыс ғылымы мен инженерлік мектептің дамуына елеулі үлес қосқан маман ретінде кеңінен танылған.

Пленарлық отырыс барысында Қарағанды облысы әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Данияр Молкенов, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры – Басқарма төрағасы  Сәуле Сағынтаева, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бағдат Телтаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков, сондай-ақ инженерлік және сарапшылық қауымдастық өкілдері сөз сөйледі.

Изображение

Пленарлық отырыста сөз алған Данияр Молкенов құрылыс саласы бүгінде ғылым мен бизнестің өзара тығыз ықпалдастығы айқын көрінетін бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Бизнес пен ғылыми қауымдастықтың өзара байланысынсыз заманауи технологияларды дамыту, инновацияларды енгізу, құрылыс сапасы мен еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес. Бүгінде бизнес қолданбалы ғылымға сұраныс қалыптастырып, зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды және практикалық шешімдердің негізгі тапсырыс берушісі болып отыр», – деді Данияр Молкенов.

Сондай-ақ ол құрылыс саласын технологиялық жаңғырту үшін сарапшылар қауымдастығы, мемлекет және бизнес арасындағы ашық диалогтың маңыздылығына тоқталды.

Конференция қатысушылары құрылыс саласын цифрландыру, BIM-модельдеуді енгізу, жасанды интеллектіні қолдану, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру және құрылыс конструкцияларының сенімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Пленарлық отырыстардан бөлек, конференция аясында тақырыптық секциялар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Сарапшылар техникалық күрделі нысандарды компьютерлік модельдеудің заманауи тәсілдерін, ғимараттарды жобалау кезіндегі типтік қателерді, сондай-ақ іргетастар мен топырақтарды күшейтудің халықаралық технологияларын талқылады. Қазақстан, Ресей және Оңтүстік  Корея мамандары өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара барысында мерейтой иесіне «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың атынан құрылыс ғылымын, инженерлік мектепті және Қазақстандағы техникалық реттеу жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін мерейтойлық медаль табысталды.

Қатысушылардың пікірінше, конференция тәжірибе алмасуға, саланың өзекті сын-қатерлерін талқылауға және құрылыс секторын дамытуға арналған практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік берген тиімді алаңға айналды.