«Атамекен» алаңында жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру және лицензиялау мәселелері талқыланды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында жекеменшік мектептерді қаржыландыру және мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, салалық қауымдастықтар, жекеменшік білім беру ұйымдарының басшылары мен сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстелде жекеменшік мектептерді А2 компоненті бойынша қаржыландыру, өңірлердегі конкурстық рәсімдердің кешеуілдеуі, балабақшаларды лицензиялау кезіндегі құқықтық қайшылықтар, педагогтерді аттестаттау жүйесі және саланың нормативтік мәселелері көтерілді.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыруда жүйелі шешімдер қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде бірқатар өңірде А2 компоненті бойынша конкурстар мен келісімшарт рәсімдері толық аяқталмаған. Сонымен қатар жаңа жекеменшік мектептердің қаржыландыруға қол жеткізу мәселесі де өзекті болып отыр.
«Біздің міндет – өңірлерде конкурстық рәсімдердің уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету және жаңа мектептер үшін қаржыландыру тетіктерін түсіндіру. Бұл бизнестің тұрақтылығы мен білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін аса маңызды», – деді Қанат Шарлапаев.
«BILIM INVEST» білім берудегі ұлттық инвесторлар қауымдастығының президенті Кулянда Батырбекова мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау барысында Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті санитарлық қызметтердің талаптары арасында қайшылықтар бар екенін айтты. Оның пікірінше, бірыңғай құқықтық түсіндірудің болмауы кәсіпкерлер үшін тәуекелдерді күшейтеді.
«Лицензиялауды енгізу жүйелі және баршаға ортақ талаптарға негізделуі керек. Әйтпесе бұл адал кәсіпкерлерге қосымша кедергілер туғызады», – деді ол.
«Әділет» жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрағасы Динара Құдайқұлова жекеменшік балабақшаларды типтік және бейімделген нысандарға бөліп қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, талаптарды саралау адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдауға мүмкіндік береді.

Ал «Tamos space school» мектебінің бас директоры Нұрболат Бисенғалиев педагогтерді аттестаттау жүйесіндегі цифрлық және бюрократиялық жүктемеге назар аударды. Ол «Ұстаз» платформасының техникалық тұрақтылығын қамтамасыз ету және мектеп әкімшілігіне түсетін артық жүктемені азайту қажет екенін айтты.
«Атамекен» ҰКП білім беру саласындағы кез келген реформалар бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалог негізінде жүзеге асуы тиіс деп есептейді. Палата жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдауға, әділ әрі түсінікті қаржыландыру тетіктерін қалыптастыруға, сондай-ақ лицензиялау талаптарының бірыңғай және тең қолданылуын қамтамасыз етуге мүдделі.
ҰКП кәсіпкерлердің ұсыныстары мен сарапшылар пікірлері міндетті түрде ескерілуі қажет екенін атап өтті. Бұл, ең алдымен, білім беру сапасын арттыруға, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қорғауға және саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.