«Атамекен» ҰКП бизнесті инженерлік желілерге технологиялық қосуды жеңілдету мәселесі талқыланды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында технологиялық қосылуды жеңілдету, рұқсат беру рәсімдерін цифрландыру және техникалық шарттарды беру мәселелеріне арналған Энергетика комитетінің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, өңірлік электр желілік компаниялардың және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Талқылау барысында инженерлік желілерге технологиялық қосылу мәселесі бизнес үшін, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін өзекті бағыттардың бірі болып қала беретіні атап өтілді. Кәсіпкерлер үшін қосылу мерзімдерінің болжамдылығы, техникалық шарттарды алудың ашық әрі түсінікті тәртібі, жұмыстар құнының айқындығы және қойылатын талаптардың негізділігі маңызды мәнге ие.
Сонымен қатар, қатысушылар аталған мәселе кінәлі тараптарды іздеуді емес, жүйелі әрі теңгерімді тәсілді талап ететінін жеткізді. Технологиялық қосылудың қазіргі жүйесі қолданыстағы нормативтік рәсімдер, техникалық талаптар мен тарифтік реттеу аясында қалыптасқан. Осыған байланысты өзгерістер бизнес пен желілік ұйымдарды қарама-қарсы қоюға емес, рәсімдердің тиімділігін арттыруға және процестерді жетілдіруге бағытталуы тиіс екені айтылды.
«Атамекен» ҰКП пікірінше, технологиялық қосылу рәсімдері ашық, цифрлық және болжамды болуы қажет. Кәсіпкерлер өз өтінімінің мәртебесін, қарау кезеңдерін, орындау мерзімдерін, қойылатын талаптар тізбесін және олардың техникалық негіздемесін көре алуы тиіс.

Отырыста техникалық шарттарды беру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар техникалық шарттар нақты инженерлік логикаға негізделіп, тиісті есептеулермен расталуы қажет екенін атап өтті. Егер өтініш беруші жекелеген талаптармен келіспесе, мұндай мәселелер жобаны іске асыру басталғанға дейін ерте кезеңде қаралуы тиіс. Бұл техникалық шарттарды алғаннан кейін оларды орындау мүмкін еместігіне байланысты туындайтын даулы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі ретінде рұқсат беру рәсімдерін цифрландыру мәселесі көтерілді. Бірыңғай цифрлық жүйе «бір терезе» қағидаты бойынша өтінімдерді қараудың барлық кезеңдерін тіркеуге, хат алмасуларды сақтауға, мерзімдерді бақылауға және өтініш беруші, желілік ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Сондай-ақ, отырыста стандартты қосылу санаттары үшін үлгілік техникалық шарттарды әзірлеу қажеттігі талқыланды. Мұндай тәсіл келіспеушіліктер санын қысқартуға, талаптардың субъективтілігін төмендетуге және өңірлердегі тәжірибені біріздендіруге мүмкіндік береді.

Шара барысында қуатты резервтеу мәселесі де жеке қаралды. Қатысушылар мәлімделген қуат көлемі нақты тұтынудан айтарлықтай асып түсіп, өзге тұтынушыларды қосу мүмкіндігін шектейтін жағдайларды болдырмау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, «take or pay» қағидаты секілді жаңа тетіктерді енгізу барысында бизнес пен желілік ұйымдардың мүдделер теңгерімі ескерілуі тиіс екені айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП Төралқасының Энергетика комитеті Энергетика министрлігімен, Табиғи монополияларды реттеу комитеті, өңірлік электр желілік компаниялармен және бизнес өкілдерімен бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігіне тоқталды.

Ұлттық палата өкілдерінің айтуынша, техникалық қосылуды жеңілдету инвестициялық белсенділікті ынталандырудың, жаңа өндірістерді іске қосудың, шағын және орта бизнесті дамытудың, сондай-ақ өңірлердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды практикалық құралына айналуы тиіс.