Экономикалық даму және бизнес жүргізу шарттары: ҰКП алаңында бизнес қауымдастықтар кездесті

25.05.2026
Экономикалық даму және бизнес жүргізу шарттары: ҰКП алаңында бизнес қауымдастықтар кездесті

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында бизнес қауымдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҰБ) өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты – қазіргі экономикалық үрдістер мен бизнес жүргізу шарттарына қатысты мәселелерді талқылау.

Кездесу ашық әрі сындарлы форматта өтіп, қатысушыларға экономикалық даму мен кәсіпкерлік қызмет жағдайларына қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Іс-шараға қатысушылар алдында ҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов құттықтау сөз сөйледі. Ол экономикадағы ағымдағы үдерістерді тереңірек түсіну және іскерлік белсенділік пен инфляциялық процестерге әсер ететін факторларды талқылау үшін бизнес қауымдастықпен тікелей диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында бизнес қауымдастықтар өкілдеріне реттеуші орган тоқсан сайын жариялайтын конъюнктуралық шолудың нәтижелері таныстырылды. Қатысушыларға бизнестің қазіргі экономикалық жағдайға, сұраныс динамикасына, өндіріс көлеміне, баға бойынша күтулерге, сондай-ақ салалардағы экономикалық белсенділік өзгерістеріне қатысты бағалаулары ұсынылды.

Сұрақ-жауап сессиясы аясында қатысушылар қазіргі экономикалық үрдістерді, бизнесті қаржыландыру шарттарын, тұтынушылық сұраныс динамикасын, өндірістік және логистикалық шығындарды, сондай-ақ бизнестің табыстылығы мен маржиналдылығы мәселелерін талқылады. Экономиканың жекелеген секторларындағы іскерлік белсенділік көрсеткіштерінің өзгеруі, баға динамикасы және бизнестің экономикалық ахуалдың одан әрі дамуына қатысты күтулері де ерекше назарға алынды.

Талқылау барысында мұндай өзара іс-қимыл форматы конъюнктуралық сауалнамалар аясынан тыс қалуы мүмкін қосымша сапалы ақпарат алуға, сондай-ақ экономика мен нарық көңіл-күйіндегі өзгерістерді жедел ескеруге мүмкіндік беретіні айтылды.

Кездесу соңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өкілдеріне кездесуге қатысқандары үшін алғыс білдіріп, бүгінгі диалог елдегі іскерлік белсенділікті қолдайтын тиімді шешімдер әзірлеуге ықпал ететінін атап өтті.