Жобалық кеңсе жұмысы: Астанада ШОБ өкілдері жаңа Салық кодексіне қатысты мемлекеттік органдарға жүгінді
Кездесуге қатысушылар 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша отандық бизнес тап болған мәселелерді жан-жақты талқылады.
Елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өткен «Ullttyq ónim» республикалық көрмесі аясында жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің көшпелі отырысы өтті. Кездесу бизнес пен билік арасындағы ашық консультациялық кеңсе форматында ұйымдастырылды.
Іс-шара ресми баяндамалар мен ұзақ сөзсіз өтуімен ерекшеленді. Формат кәсіпкерлердің нақты кейстерін талқылауға, практикалық жағдайларды қарастыруға және бизнесті алаңдатқан сұрақтарға жедел жауап беруге бағытталды. Сессия модераторы – салық кеңесшісі, KAZANTSEV GROUP компаниялар тобының тең құрылтайшысы әрі директоры Дмитрий Казанцев. Алаңға Қазақстанның барлық өңірінен келген 600-ге жуық шағын және орта бизнес өкілі жиналды.

Жобалық кеңсе не үшін құрылды?
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсе Мемлекет басшысы мен Премьер-Министр тапсырмаларын орындау мақсатында Серік Жұманғариннің төрағалығымен құрылған. Бұған дейін Ұлттық құрылтай отырысында Президент фискалдық реформаларды кезең-кезеңімен әрі дау-дамайсыз жүзеге асыру қажеттігін атап өтіп, қоғам тарапынан айтылған сындарлы ұсыныстарды мұқият қарауды тапсырған болатын.
Тимур Жаркеновтің сөзінше, Жобалық кеңсе бизнес өтініштерін жедел қарайтын бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде жұмыс істейді. Оның тұрақты жұмысына Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, «Атамекен» ҰКП және салалық мемлекеттік органдар тартылған.
Типтік мәселелер бойынша нақты жауап беру мерзімдері белгіленген, ал күрделі ведомствоаралық түйткілдер арнайы отырыстарда қаралады. Қазіргі уақытқа дейін 15 отырыс өткізіліп, медицина саласы, қаржы секторы, өндірістік кооперативтерге салық салу, бейрезиденттер үшін ЭШФ рәсімдеу және ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша ҚҚС сомаларын түзету секілді маңызды мәселелер пысықталған. Нәтижесінде Мемлекеттік кірістер комитеті бизнеске түсіндірме беретін, егер норма жетілдіруді қажет етсе, Салық кодексіне ресми түзетулер әзірленетін нақты алгоритм қалыптасты.
Ашық микрофон және залмен интерактив
Көшпелі отырыс модератордың салық салу мәселелері бойынша 20 минуттық практикалық шеберлік сабағымен басталды. Одан кейін ашық панельдік сессия өтті. Сұрақтар алдын ала – 19-20 мамыр аралығында әлеуметтік желілер арқылы жиналды.
Сонымен қатар іс-шара барысында залдағы әр қатысушы арнайы QR-код арқылы өз сұрағын нақты уақыт режимінде жолдай алатын интерактивті формат жұмыс істеді. Ең өзекті әрі бұған дейін көпшілік талқысына түспеген мәселелер бірден экранға шығарылып, талқыланды.
Тимур Жаркеновтің айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің (СӘИЖ, ЭШФ АЖ) жұмысы 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бизнес үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

«Бизнес тарапынан фискалдық органдардың қолдау қызметінің жауап сапасына қатысты көптеген ескерту түсуде. Біз үшін тек жинақталған мәселелерді жедел қарау ғана емес, кері байланыстың сапасын түбегейлі жақсарту маңызды», – деді спикер.
· Көшпелі отырыста мынадай негізгі бағыттар талқыланды:
· Ақпараттық жүйелердегі техникалық қателер: СӘАЖ мен ЭШФ жүйелеріндегі ақаулар;
· Таңбалау және тауар қозғалысын қадағалау: Ұлттық тауар каталогының жұмысы;
· Платформалық жұмыспен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар: жеке шоттардың бұғатталуы, өсімпұл есептеу, өзін-өзі жұмыспен қамтыған зейнеткерлер мен әлеуметтік жеңілдіктерге құқығы бар азаматтардың мәртебесі (бұған дейін Жобалық кеңсе интернет-платформаларды дерекқорлармен автоматты интеграциялау мәселесін бір ай ішінде пысықтау туралы шешім қабылдаған болатын);
· Қауіпсіздік және даму: бизнестің салықтық қауіпсіздігі, еңбекақы қорының жүктемесі, «Таза парақ» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және отандық өндірушілерді қолдау.
Ашық пікірталасқа салалық мемлекеттік органдардың басшылары, бухгалтерлік қауымдастық сарапшылары, сондай-ақ қоғамдық тамақтану, HoReCa, жеңіл өнеркәсіп және тұрмыстық химия өндірісі қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
«Конверттегі жалақы» декреттік төлемдер мен жәрдемақыларға кері әсер етеді
Қазақстандағы салық салу және бизнесті реттеу саласындағы шешімдер кәсіпкерлер мен миллиондаған жалдамалы қызметкерлердің мүдделерінің тепе-теңдігін ескере отырып қабылданады. Мемлекет «көлеңкелі» еңбекақы төлеу схемалары салдарынан табысынан айырылып отырған азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қатаң қадағалйды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.

Оның айтуынша, ведомствоның фискалдық саясаты бюджетті толықтырудан гөрі қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әсіресе Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін жүктілік пен босану, бала күтімі, еңбекке қабілеттіліктен айырылу және жұмыссыз қалу бойынша төлемдер мәселесі маңызды.
Вице-министр төлемдердің қалай қалыптасатынын ресми аударымдармен байланыстыра түсіндірді. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы ресми жалақының шамамен 40%-ын құрайды, алайда басты рөлді төлемдердің тұрақтылығын көрсететін қатысу коэффициенті атқарады.
«Егер қызметкер ресми түрде 300 мың теңге жалақы алып, ол үшін 12 ай бойы салықтар толық төленсе, онда әйел адам ай сайын шамамен 120 мың теңге бала күтімі жәрдемақысын алады. Алайда жұмыс беруші бір немесе бірнеше ай төлем жасамаса, қатысу коэффициенті төмендейді. Нәтижесінде жас ана 120 мыңның орнына 80 мың, тіпті 30 мың теңге ғана алады. Бұл – өте сезімтал мәселе», – деді Ұлттық экономика министрлігінің өкілі.
Шындық статистикасы: бизнестің 54%-ы «минималды жалақыны» көрсетеді
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа жалақы 435 мың теңге деңгейінде тіркелді. Алайда салық декларацияларын талдау халықтың нақты табысы мен бизнестің ресми есептілігі арасында үлкен алшақтық бар екенін көрсетті: қазақстандық кәсіпкерлердің 54%-ы құжаттарда қызметкерлеріне төленетін ең төменгі жалақы мөлшерін – 85 мың теңге деп көрсетеді. Зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және МӘМС осы сомадан есептеледі.

«Іс жүзінде де солай ма? Адам шын мәнінде 300 мың теңге табыс табуы мүмкін және 120 мың теңге көлеміндегі декреттік төлемге үміттенеді. Бірақ кәсіпкер ол үшін салықты 85 мың теңгелік «минималкадан» төлегендіктен, әлеуметтік қор небәрі 60 мың теңге шамасында ғана жәрдемақы тағайындайды. Конвертпен жалақы беру арқылы бизнес өз қызметкерлерін базалық әлеуметтік қорғаныстан айырады», – дейді Азамат Әмрин.
Министрлік таразының бір басында 300 мыңға жуық жеке кәсіпкердің, екінші жағында 9 миллион жалдамалы қызметкердің мүддесі тұрғанын еске салды.
«Бизнес есептілікті жеңілдетуді немесе жүктемені азайтуды сұрағанда, біз бәріне тиімді болатын шешім қабылдауымыз керек. Салықтар мен аударымдар мемлекет қалтасына емес, қызметкер үшін төленетінін түсіну қажет. Бизнес өз қызметкерінің медициналық көмек алуына және жұмыстан айырылған жағдайда жарты жыл бойы лайықты жұмыссыздық жәрдемақысын алып, отбасын асырауына жағдай жасайды», – деп түйіндеді вице-министр.
СӘАЖ ақаулары: Қаржы министрлігі түсініктеме берді
ҚР Қаржы вице-министрі Асет Тұрысов салықтық әкімшілендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесінің (СӘАЖ) қазіргі жұмысына түсініктеме берді. Оның айтуынша, бизнес тарапынан түсіп жатқан шағымдар мен түсінбеушіліктердің басым бөлігі Қаржы министрлігі ескі және жаңа салық төлеуші кабинеттерін қатар қолдауға мәжбүр болған өтпелі кезеңмен байланысты.
СӘАЖ – бірден жеті ескірген бағдарламалық кешеннің орнына келген ауқымды жоба. Ол өткен жылы өндірістік пайдалануға берілгенімен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында ескі платформа өшірілмеген.
«Бірінші тоқсанда бизнесті шатастырмас үшінт екі жүйені қатар ұстадық. Бұл қадам қосымша тәуекелдер туғызды», – деді Асет Тұрысов.
Қатар жұмыс істеу режимі «Атамекен» ҰКП мен бизнес қауымдастықтарының ресми өтініші бойынша сақталған. Бұл кәсіпкерлер жаңа кодекс бойынша есептілікті өздеріне таныс интерфейсте алаңсыз тапсыра алуы үшін жасалған.
Екі дерекқордың қатар жұмыс істеуі мәліметтердің сәйкессіздігіне және пайдаланушылар тарапынан шағымдардың көбеюіне негізгі себеп болып, жаңа тексеру алгоритмдері жағдайды ушықтырды.
Көптеген бухгалтерлер жүйенің автоматты ескертулерін техникалық қате деп қабылдаған. Алайда бұл сүзгілер бизнеске болашақтағы айыппұлдардан, қосымша есептеулерден және камералдық бақылау нәтижесіндегі хабарламалардан сақтану үшін арнайы енгізілген.
Сынға қарамастан, СӘАЖ бірінші тоқсан бойынша барлық есептілік нысандарын қабылдады. Нақты проблемалық жағдайлар жалпы көлемнің небары 2–3%-ын ғана құрап отыр.
Вице-министр ескі жүйеге қайтарылмайтынына ерекше назар аударды.
«Ескі салық төлеуші кабинеті өткеннің еншісінде қалуы тиіс. Біз оны жақсы көреміз, бірақ жаңа технологиялар тек жаңа кабинетте болады. Ескі жүйеден толық бас тартқанда, әрі біздің, әрі бизнестің жұмысы жеңілдейді», – деді ол.
Туындаған мәселелерді жедел шешу үшін министрлік мынадай шараларды енгізуде:
· Жақын арада Қаржы министрлігі салық мәселелері бойынша бірыңғай мамандандырылған call-орталықты іске қоспақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер 1414 нөмірі арқылы өтініш қалдыра алады;
· Жедел штаб базасында бизнес қауымдастықтарының көшбасшыларымен бірлесіп салықтық хабарламаларды орталықтандыру жұмысы басталды. Бұл мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы коммуникацияны ашық әрі түсінікті етуі тиіс.
«Даму» қоры: жеңілдетілген несиеден мобильді кеңселерге дейін
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов отандық кәсіпкерлерге көрсетілетін негізгі қолдау бағыттары туралы айтты.
Оның сөзінше, қолдау экожүйесі екі негізгі блокқа бөлінеді: қаржылық және қаржылық емес.
Бизнестің қаржылық жүктемесін азайту үшін қор:
· Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау;
· Кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда кепілдік беру;
· Тиімді шарттармен жеңілдетілген несие беру сынды үш негізгі тетікті ұсынады.
Тікелей қаржыландырудан бөлек, «Даму» кәсіпкерлерді сүйемелдеу және кеңес беру инфрақұрылымын белсенді дамытуда.
Қор базасында «Бәйтерек» холдингінің барлық еншілес ұйымдарының қызметтері туралы ақпаратты біріктірген бірыңғай байланыс желісі іске қосылды. Осы нөмірге хабарласқан кәсіпкер мемлекеттік бағдарламалар бойынша толыққанды кеңес ала алады.
Сондай-ақ «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді көмек көрсететін қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.
Өңірлердегі бизнесті қолдау үшін қор арнайы шағын автобустар турын іске қоспақ. Бұл жылжымалы орталықтар шалғай аудандарға барып, жергілікті кәсіпкерлерге кеңес беріп, қор бағдарламаларына өтінімдерді сол жерде қабылдайды.
Бизнесті жүргізудің ескі тәсілдері енді жұмыс істемейді
Кәсіпкерлер қауымдастығы басқару тәсілдерін шұғыл өзгертуі қажет. Мұндай пікірді ШОБ комитетінің төрайымы Гүлбану Майғарина айтты. Оның сөзінше, қазіргі нарық жағдайы бизнестен икемділік пен цифрландыруды талап етеді, өйткені тұтынушылардың мінез-құлқы түбегейлі өзгерген.

«Бұрынғыдай бизнес жүргізу тәсілі енді жұмыс істемейді. Тұтынушы қатты өзгерді, жалпы нарық та өзгеріп жатыр. Есікті ашып, тауарды сөреге қойып қана табысқа жететін кезең артта қалды. Бүгінде біз клиент үшін күресіп, барлық заманауи құралдарды пайдалануымыз керек», – деді Гүлбану Майғарина.
Жуырда өткен бизнес-тур аясында Комитет өкілдері Ұлттық академиямен бірге бір ай ішінде 16 қаланы аралап, кәсіпкерлер арасында ауқымды сауалнама жүргізген. Зерттеу нәтижесінде жүйелі мәселе анықталған: сауалнамаға қатысқан 1200 микро және шағын бизнес өкілінің 68%-ы маркетинг саласында елеулі қиындықтарға тап болатынын айтқан. Олардың басым бөлігі заманауи ілгерілету және аналитика құралдарын қолданбайды.
Өзі де кәсіпкер Гүлбану Майғарина дағдарыс кезеңінде тек «жалған белсенділіктен» бас тартып, жүйелі басқаруға көшкен компаниялар ғана өміршең болатынын айтты.
«Бизнесті тек сандар арқылы басқару қажет. Иә, бұл қиын, бірақ осыдан бастау керек. Сонымен бірге ШОБ өкілдерінің шамамен 20%-ы нарықтағы өзгерістердің теріс әсерін мүлде сезінбеген. Біз олардың тәжірибесін зерттеп, неге табысты екенін түсініп, сол тәжірибені қабылдауымыз керек», – деді комитет басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша ашық кеңсе барысында әзірленген барлық ұсыныстар мен хаттамалық шешімдер «Атамекен» ҰКП тарапынан жинақталып, ҚР жаңа Салық кодексінің жобасына енгізу үшін Үкіметке жолданады.